Консерватория оқытушылары Бейжіңдегі халықаралық конференцияға қатысып қайтты
2023 жылдың 13-18 қазан айы аралығында Бейжіңдегі Қытай Орталық музыка консерваториясының қолдауымен музыкалық білім берудің Үшінші альянсы аясында «Бір белдеу-бір жол» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткен еді. Аталмыш конференцияға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушылары Г.Далбағай, Д.Кешубаева, А.Қарсақбаева, Ә.Алина арнайы барып, қатысып қайтты.
Осы шара барысында 15 қазанда Ұлы Жібек жолы музыкасының конвергенциясы аясында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушылары Бейжіңдегі Қытай орталық музыка консерваториясының ұстаздары мен оқушылары үшін шеберлік сыныптарын өткізді. Музыканттар Қазақ ұлттық консерваториясының алғаш құрылған күнінен бастап бүгінгі таңға дейінгі тарихын баяндай келе, домбыра, қобыз, сазсырнай секілді қазақ халық аспаптарында ойнаудың қыр-сыры туралы кеңінен әңгіме өрбітіп қана қоймай , ұлттық аспаптарда жоғары кәсіби деңгейде орындаушылық шеберліктерін паш етіп, шетелдік көрермендердің қошеметіне бөленді.
Сонымен қатар, аталған форумда Үндістаннан келген музыканттардың «Солтүстік Үндістанның классикалық музыкасы», Шри-Ланка өнерпаздары «Тарихты баяндау актілері: мәдениетаралық баяндамаларды маскалар мен музыканың көмегімен тоғыстыру» бағдарламалық тақырыбымен және Моңғолиядан арнайы келген музыканттардың «Моңғолияның шетіндегі ұзақ ән» тақырыбында шеберлік сыныптары өткізілді.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға бірнеше мемлекеттерден арнайы келіп бас қосқан әріптестердің өзара тәжірибе алмасуы нәтижесінде Моңғолия, Вьетнам, Сингапур, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан секілді елдердің музыкалық жоғары оқу орындарының жетекшілері арасында берік байланыстар орнатылып, келешекте музыкалық мәдениеттерді жақындастыру, халықаралық бірлестік пен ынтымақтастықты дамыту мақсатында жаңа жобалар іске асырылатын болды.
P.S. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, бүгінде Бейжіңдегі Қытай Орталық музыка консерваториясының өнер магистрі Тоғжан Жеңісоваға қазақстандық әріптестеріне көрсеткен көмегі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.