Консерватория ҚР ҒЖЖБМ Ғылым комитетінің аккредиттеу куәлігіне ие болды
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің аккредиттеуіне ие болып, 5 жыл мерзімге мемлекет тарапынан және өзге де көздерден қаржыландырылатын ғылыми жобаларға атсалысу мүмкіндігін еншіледі. Бұл жағдай консерваториямыздың кәсіби біліктілігі жоғары, ғылыми әлеуеті зор оқытушы-профессорлық құрамының арқасында мүмкін болып отыр.
Консерваторияда музыкатанушы, өнертанушы ғалымдар көптеп саналады. Өнер-білім ордасында музыкатанушы ұстаздар ғана емес, жеке орындаушы ұстаздардың да көпшілігі ғылыми еңбектер жазумен, ізденумен тұрақты түрде айналысады. Ғылыми ізденістердің нәтижесінде жыл сайын консерваторияның оқу және оқу-әдістемелік құралдары қоры монографиялар, хрестоматиялар, авторлық жинақтар сынды заманауи еңбектермен толықтырып келеді. Әріптестерімізді осындай жетістікпен құттықтап, жаңа табыстар тілейміз!