Menu HELPDESK

Консерватория ректоры Арман Жүдебаевтың жылдық есеп беру кездесуі өтті

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдары басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығына сәйкес, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жүдебаев Арман Әділханұлының 2019-2020 оқу жылындағы консерватория қызметінің нәтижелері туралы халық алдындағы жылдық есеп беру кездесуі өтті. Еліміздегі санитарлы-эпидемиологиялық жағдайға байланысты биылғы кездесу консерваториямыздың YouTube және  Facebook парақшаларында тікелей эфир форматында өтті.

Ректор өз баяндамасында 2019-2020 оқу жылында атқарылған жұмыстарды халыққа таныстырды. Өткен оқу жылы еліміздің барлық оқу орындары үшін өте күрделі болды. 2020 жылдың наурыз айынан бастап, короновирус пандемиясының туындауына байланысты консерватория да еліміздің барлық жоғары оқу орындары сияқты қашықтықтан оқыту нысанына көшті. Бұл жағдай болашақ музыка мамандары үшін толық мүмкін болмағандықтан, қашықтықтан оқыту консерваторияда жаңа тәжірибеге айналды. Оқыту барысы жылдам шешім қабылдауды, жаңа инфрақұрылым жасақтап, оқу бағдарламаларын қайта қарастыруды, сабақтар мен емтихандар өткізу алгоритмінде ұтқырлықты талап етті. Нәтижесінде оқу жылы еш кедергісіз аяқталып, білім беру, оқу-әдістемелік, ғылыми, концерттік, тәрбие және т.б. сияқты жоғары оқу орнының барлық бағыттағы қызметі жоспарлы режимде өтті.

 Есеп беру кездесуде ректор консерваториямыздың жұмысын, білім беру жүйесін, халықаралық байланыс, кітапхана, студенттер мен оқытушы-профессорлық құрамның жетістіктерін, 75 жылдық мерейтойдың, бас ғимаратымыз бен Үлкен концерт залдың жөндеу жұмыстары  туралы жеке-жеке тоқталып атап өтті.

«Тарихи музыкалық білім ордасы ретінде сақталып келген консерватория алдағы уақытта да заманауи жоғары кәсіби музыкалық білімнің флагманы болып қала бермек. Елімізді шынайы музыка өнерімен сусындататын кәсіби мамандар даярлау жолында ізденістер мен игілікті қызмет етуге әрдайым талпыныс жасауға тырысамыз. Бұл тұрғыда әр студентпен, оқытушымен, ата-аналармен және басқа да мүдделі тұлғалармен пікір алысуға қашанда дайынбыз», деп аяқтады сөзін ректор Арман Жүдебаев.


Альбомдарға оралу