Menu HELPDESK

Консерватория ректоры Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының делегациясымен кездесті

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясындағы Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясы өткізген Шығармашылық мектебінің аяқталуына орай ректор Гаухар Тасбергенова Мәскеуден келген делегацияны қабылдады. 

Ректор делегация мүшелеріне шеберлік сағаттары, лекциялары мен ашық іс-шаралары үшін алғыс айтып, тәжірибе алмасудың студенттер мен оқытушылар үшін қаншалықты маңызды екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, делегация құрамында келесі тұлғалар болды: 
Александр Рыжинский – Гнесиндер атындағы  Ресей музыка академиясының ректоры, өнертану ғылымдарының  докторы, хорды дирижирлеу  кафедрасының профессоры,
Дина Кирнарская – өнертану, психология ғылымдарының докторы, профессор, музыка тарихы кафедрасының меңгерушісі,
Юрий Богданов – арнайы фортепиано кафедрасының профессоры, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі,
Екатерина Стародубровская – жеке ән салу кафедрасының профессоры.

Ресейлік әріптестер консерватория студенттерінің жоғары деңгейдегі дайындығын, олардың кәсібилігін және дамуға деген ұмтылысын ерекше атап өтті. Кездесу барысында қос оқу орнының басшылары болашақта ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, академиялық алмасулар мен жаңа бірлескен бастамаларды талқылады.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясын музыкалық білім беру және өнерді дамытудағы ортақ дәстүрлер негізінде құрылған көп жылдық достық қарым-қатынас байланыстыратыны белгілі. Биылғы кездесу оқу орындарының қарым-қатынасын әрі қарай жалғастырудың маңыздылығын көрсетеді.

 

 
Альбомдарға оралу