Консерватория ректоры «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында баспасөз конференциясына қатысты
Бүгін ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында Баспасөз конференциясы өтті. ҚР МСМ Мәдениет комитетінің төрайымы Кәрібжанова Роза Самидоллақызы және еліміздегі шығармашылық бағытта кәсіби білім беретін жоғары оқу орындарының басшылары атсалысқан басқосуға консерваториямыздың ректоры Жүдебаев Арман Әділханұлы да қатысты. Конференция тақырыбы «Мәдениет және өнер саласындағы ЖОО оқытушыларының айлығын көтеру туралы» болды. Жиынға қатысушы БАҚ өкілдері, онлайн қосылған азаматтар спикерлерге өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Мәдениет пен өнер саласының дамуына, өркендеуіне үлкен серпін беріп отырған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бүгінде аталмыш сала кадрларын даярлау бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Сондай жұмыстардың үлкен бір нәтижесі: еліміздегі шығармашылық бағыттағы жоғары оқу орындары ұстаздарының мәртебесі өсіп, профессор-оқытушылық құрамның лауазымдық еңбекақысы 1.75-тен 3.5 коэффициентке көтеріліп, яғни 2022 жылдың басынан алғанда екі есеге өсіп отыр. Осындай қаулының қабылдануына пәрмен берген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, қолдау білдірген ҚР Үкіметінің басшысы Әлихан Асханұлы және ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлына алғысымыз шексіз.
Бүгінгі жиында осындай қуанышқа ие болып отырған: Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Мұсақожаева Айман Қожабекқызы мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды да өз білім ордаларында атқарылып жатқан жұмыстардан хабар беріп, құзырлы мекеме басшыларына өз ризашылықтарын білдіріп, жаңа оқу жылының басталуымен білім саласы өкілдерін құттықтады.
Жаңа оқу жылы құтты, табыстар мен жеңістерге бай болсын!