Консерватория ұстаздары «DALA DAUYSY» байқауында үздіктер қатарынан табылды
Таяуда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту, сондай-ақ өскелең ұрпақты адамгершілік пен патриоттыққа тәрбиелеу бағытында дәстүрлі, классикалық, эстрада және театр өнері жанрында жаңа туындыларды жарыққа шығаратын авторларды қолдау мақсатында ұйымдастырған Республикалық «DALA DAUYSY» конкурсы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар есімдері белгілі болды.
Конкурста 5 номинация бойынша 16 сыйлық тағайындалды: «Үздік фольклорлық музыка», «Үздік классикалық музыка», «Үздік драматургиялық туынды», «Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы», эстрада жанрындағы «Республика әні» және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2 арнайы жүлдесі.
Жобаға 200-ден астам өтінім түскен. Байқауға қазақстандық композиторлар мен жазушылардың соңғы үш жылда жазылған және бұрын көпшілік алдында орындалмаған туындылары қатысты. Байқаудың ерекшелігі – қатысқан авторлардың да, олардың жұмысын сараптаған қазылар алқасының құрамы да соңғы сәтке дейін құпия болды.
Аталмыш байқауда консерваториямыздың «Музыкатану және композиция» кафедрасының профессоры, белгілі композитор Дәлденбай Бейбіт Әбілұлы жеке аспапқа арналған «Иллюзия» шығармасы үшін «Үздік классикалық музыка» номинациясына ие болса, «Домбыра» кафедрасының оқытушысы, өнертану магистрі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Кенегесов Асылбек Асылханұлы авторлық «Бес періште» күйімен «Үздік фольклорлық музыка» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ, осы конкурста Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Сапа менеджменті секторының басшысы, «Арт-менеджмент» кафедрасының доценті Оразымбетов Дамир Дүйсенұлы композитор Алмабек Мейірбековтің «Алдар көсе» балетінің либретто авторы ретінде «Ең үздік музыкалық және театрлық жанрындағы шығарма» номинациясын жеңіп алды.
Бұған дейін Д. Д. Оразымбетов Алматы мен Астана сахналарында көрсетілген бірқатар спектакльдерге авторлық либретто жасаған болатын. Олардың қатарында «Алиса және оның ерекше шытырман оқиғалары» (2012), «Түймешік қыз» (2013), «Тұран дала — қыран дала» (2016), «Қорқыттың жерұйық іздеуі» (2019), «Ояну» (2021) шығармалары бар.
Әріптестерімізді айтулы жеңістерімен құттықтап, шығармашылық табыстарыңыз мол болып, еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер демекпіз.