Консерватория студенті Польшада білім алуда

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Симфониялық дирижирлау» білім беру бағдарламасының (профессор К. А. Омаровтың сыныбы) 3-курс студенті Малика Адлет Erasmus+ академиялық мобильділік бағдарламасы аясында 2024–2025 оқу жылының көктемгі семестрінде Кшиштоф Пендерецкий атындағы музыка академиясында (Akademia Muzyczna im. Krzysztofa Pendereckiego w Krakowie) оқуын жалғастыратын болды.
Академия 1867 жылы құрылған Музыка қоғамы мектебінің негізінде 1888 жылы Музыка қоғамының Консерваториясы (Konserwatorium Towarzystwa Muzycznego) ретінде ашылған. Консерваторияның алғашқы басшысы - композитор Владислав Желенский, ал қамқоршысы -Парижде Фредерик Шопеннің өзінен фортепианодан дәріс алған княгиня Марцелина Чарторыйская болған.
Erasmus+ бағдарламасы студенттерге әлемдегі үздік оқу орындарында білім алуға бірегей мүмкіндіктер беретін жоба. Малика Адлет 2024 жылдың күзінен бастап, бір семестр бойы Краков Музыка академиясында оқыды. Енді ол профессор Станислав Кравчинскийдың ұсынысымен және жетекшілігімен 2025 жылдың көктемгі семестрде оқуын жалғастыратын болды. Ақпан айында Малика Қазақстанға болып, емтиханын сәтті тапсырып, Еуропаның ең беделді музыкалық жоғары оқу орнына оралды.
Консерватория Малика Адлеттің жетістіктерімен мақтанады және оның халықаралық деңгейде дамуға ұмтылатын жастарға үлгі бола алатынына сенімді.