Menu HELPDESK

Консерватория студенті жеке концертін өткізді


26 сәуір күні Құрманғазы атындағы ҚҰК Ф. Шопен атындағы камералық залында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4-курс студенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуірбаева сыныбының шәкірті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының стажер-солисті Аяжан Қуанышәлиеваның жеке концерті өтті. 

Бұл күнгі концертте шетел және қазақ композиторларының әндері шырқалды. Аяжан Қуанышәлиеваның музыка мәдениетінің тарихына белькантоның көрнекті шебері ретінде енген италиялық композитор – Винченцо Беллинидің «Норма» операсындағы Норманың каватинасын орындауы концерттің беташары іспеттес болды. Солармен ілестіре Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сарасындағы» Сараның ариясы, әні мен сөзін Мұқан Төлебаевтың өзі жазған «Еске алу» әні, Михаил Глинканың «Руслан-Людмила» операсындағы Людмиланың ариясы, орыстың «Ах, ты! Доля, долюшка» атты халық әні және тағы басқа әндер Аяжанның дауыс мүмкіндігінің бар қырын ашып көрсетті. Осының барлығының ішінде ерекше атап көрсетерлігі – ХХІ ғасырдың операсы Әлсейіт Қазақбаевтың «Жамбыл жырауы» бүгін консерватория қабырғасында тұсауын кесті. Операдағы Жамбыл мен Бұрымның дуэтін Аяжан Қуанышәлиева Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрының солисті Аманбай Нұрғалыммен орындап шықты.

Сондай-ақ концертке қатысушы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуірбаева сыныбының 2-курс магистранты Әлилә Тілеген Россвейннің сөзіне жазылған Рейнгольд Глиэрдің «О, если б, грусть моя!» әнін шырқады.




Альбомдарға оралу