Консерватория студенттері әлемнің жетекші оқу орындарынан оралды








2024–2025 оқу жылының екінші семестрінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдегі жетекші музыкалық жоғары оқу орындарында білім алып қайтты. Бағдарламаға түрлі мамандықтар бойынша дарынды студенттер қатысып, кәсіби шеберліктерін шыңдап, мәдени көкжиегін кеңейтіп, халықаралық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік алды.
«Арт-менеджмент» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Мейірман Құрманғалиев пен Мәдина Құзеубай 2024 жылғы 10 ақпан мен 13 маусым аралығында Мәскеудегі Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында (1895 жылы негізі қаланған) оқыды. Олар заманауи продюсерлік пен өнер саласындағы креативті басқару пәндерін меңгерді.
«Дирижерлеу» мамандығының 3-курс студенті Малика Адлет Краков қаласындағы Кшиштоф Пендерецкий атындағы Музыка академиясында (1888 жылы негізі қаланған) Erasmus+ бағдарламасы бойынша білім алды. Профессор Станислав Кравчинскийдің жетекшілігімен дирижерлік, өнер тарихы, аспаптау, заманауи философия және басқа да пәндерді оқыды.
Скрипка мамандығының 3-курс студенттері Нурай Рысқұлова мен Зарина Рысқали 25 қаңтар мен 31 мамыр аралығында Виго қаласындағы Жоғары музыка консерваториясында (1956 жылы негізі қаланған) оқып, аспаптық орындау, камералық музыка, оркестрлік тәжірибе және оркестр репертуары бойынша білімдерін жетілдірді.
Хор дирижерлеу мамандығының 2-курс студенттері Айым Ысқақова мен Риза Жұмағалиева 17 наурыздан 5 маусымға дейін Братислава қаласындағы Орындаушылық өнер академиясында (1949 жылы негізі қаланған) серіктестік туралы меморандум аясында білім алды. Олар хор сольфеджиосы, вокалдық партиялар, партитура оқу және хор сыныбы пәндерін меңгерді.
Біз шетелде консерватория мен еліміздің атын абыроймен шығарған студенттерімізбен мақтанамыз. Серіктес жоғары оқу орындарына – жылы қабылдауы, сапалы білім беруі және жас музыканттарды кәсіби тұрғыда дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдіреміз.