Menu HELPDESK

Консерватория студенттері «Навруз тароналари» ІІ Халықаралық байқауынан жүлделі оралды



Өзбекстанның Ферғана қаласында «Навруз тароналари» деген атпен ІІ Халықаралық ұлттық аспаптық орындаушылық байқауы өтті. Сайысқа барлығы 220 өтініш түскен екен. Соның ішінде 32 өтініш Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы және Тәжікстан Республикасынан жолданған. Бұл бәсекеде студенттер ерекше озық өнер көрсетті. Сайысқа қатысушылардың өнерлерін білікті қазылар алқасы бейтарап түрде, әділ таразылады. Нәтижесінде 67 жеңімпаз анықталды.

Аталмыш байөауға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан бірнеше үміткерлер барып, жоғары орындаушылық шеберліктерін көрсетіп, жүлделі оралды. Атап айтар болсақ, Самал Майданова, Ләйлә Махшархан, Айдана Тайыповалар 1 орынды жеңіп алса, Аяулым Жұмадоллаева, Аружан Нұржанқызы және Қазақ ұлт аспаптары ансамблінің ұжымы жүлделі 2 орынды иемденді. Ал Дана Рахымжанқызы Атабер екі жүзден астам өнерпаздардың ішінен үшінші орынның жүлдесін қанжығасына байлады. Лауреаттарды дайындаған ұстаздар Алғыс хаттармен марапатталды.

Осындай нәтижелі бәсеке көрсете алған өнерпаз өрендерді тәрбиелеп отырған ұжым басшысы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Әділханұлы Жүдебаевқа Өзбекстан Мемлекеттік өнер және мәдениет институты Ферғана аймақтық филиалының басшылығы зор ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, «Навруз тароналари» ІІ Халықаралық ұлттық аспаптық орындаушылық конкурсын өткізуге ықпал еткені үшін де шексіз алғыс айта отырып, «Сіздерді келесі жылы өтетін ІІІ Халықаралық ұлттық аспаптық орындаушылық конкурсына да келеді деп күтеміз. Барлық жеңімпаздарды құттықтаймыз! Байқаудың барлық қатысушыларына алғыс айтамыз және мол шығармашылық табыстар тілейміз» делінген Консерватория Ректорына жолданған құттықтау хатта. Өзбекстан МӨМИ Ферғана аймақтық филиалы директорының Ғылым мен инновациялар жөніндегі орынбасары Рашид Тұрғынбаев осы Құттықтау хатпен бірге «Байқауды өткізуге қолдау көрсеткені үшін» Алғыс хатты да жолдап отырғанын жеткізді.

 
 


 

















Альбомдарға оралу