Консерватория ұжымы нәзік жандыларды 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтады!
Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Әділханұлы бастаған қызметкерлер өнер-білім ордасының аруларын шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мейрамымен құттықтап, Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерттік залда мерекелік іс-шара өткізді.
Концерт шымылдығын консерватория ректоры құттықтаумен ашып, домбырада күмбірлетіп «Әлқиссаны» орындап, сөз тізгінін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Амантай Берғалиев пен «Концерттік бөлімнің» менеджері Аршат Шәріпке ұсынды.
Мерекелік шара барысында «Вокал, дирижерлеу және музыкалық білім беру» факультетінің оқытушысы Талғат Күзембаев «Слушай» атты шығарманы орындаса, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Рамазан Стамғазы әуелетіп ән шырқады. «Аспаптық орындаушылық» факультетінің оқытушылары Гафиатуллин Тауфик Хайдарович, Азубаев Қуандық Маратұлы және Олексенко Игорь Владимирович фортепиано аспабында өнерлерін ортаға салса, ал «Ақпараттық саясат» бөлімінің басшысы сыбызғыда ойнады. Студентермен жұмыс жасау бөлімі әзіл-сықақты сахналық көріністермен көрерменді күлкіге қарық қылды.
Нәзік жандыларға арналған мерекелік шара көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жағымды әсерге толы болды. Концерт соңында өнерді өмірлеріне серік еткен жандар бірігіп флешмоб билеп, консерватория аруларын бірауыздан құттықтады.