Консерватория ұжымы Президент Жолдауын тыңдады
Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының басшылығы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын тыңдады.
Президент Жолдауы – еліміздің жылсайынғы даму стратегиясын айқындап беретін маңызды құжат. Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауында Үкімет алдына қойған міндеттер кезең-кезеңімен орындалып, өз нәтижелерін беріп келеді. Құжатта ең басты міндет – халықтың әл-ауқатын көтеру екені айрықша айтылып, осы мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар міндеттер белгіленді.
Мемлекет басшысы жаңа уақыт талаптарына сәйкес еліміздің экономикалық дамуына, өнеркәсіпті күшейтуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін ауылшаруашылығы саласына аса көңіл бөлуге, білім және ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау, бизнес және әлеуметтік мәселелер секілді елдегі барлық саланың жұмыстарына қатысты міндеттерді бекітіп берді.
Президентіміз: "Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа.
Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады.
Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы.
Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды.
Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз.
Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын." - деп сөзін тұжырымдады.