Консерваторияда атақты үш күйшінің атындағы сыныптар ашылды
Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халық музыкасы факультетінің «Домбыра» кафедрасы Қазақстанның Халық артисі, Домбыра кафедрасының алғашқы ұстазы Қали Жантілеуов, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, домбыра мамандығы бойынша тұңғыш профессор Хабидолла Тастанов және Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Қаршыға Ахмедияров атындағы кластардың ашылу салтанатын өткізді.
Консерватория ректоры Арман Жүдебаевтың бастамасымен қолға алынған шара мәжіліс залындағы дөңгелек үстелмен басталды. Салтанатты жиынға ҚР еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, күйші-ұстаз Айтжан Тоқтаған, Қали Жантілеуовтің немересі Жанна Нұрланқызы және жиені Қарлығаш Нұрғисақызы, Хабидолла Тастановтың балалары Қанат және Азат Тастановтар, Қаршыға Ахмедияровтың ұлдары Ерлан және Ерболат Ахмедияровтар қатысты.
Дөңгелек үстелді ректор Арман Әділханұлы ашып берді. Халық музыкасы факультетінің деканы, профессор Т. Тоқжанов Қали Жантілеуовтің тұлғасы жайлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор К.С. Сахарбаева ұстазы Хабидолла Тастанов туралы, аға оқытушы Б. Игілік Қазақтың Қаршығасы жайлы баяндамаларын көпшілік назарына ұсынды.
Салтанатты рәсімнен кейін күйші-ұстаздардың рухына арналып ас беріліп, құран бағышталды.