Консерваторияда атақты виолончельшілер шеберлік-сыныптарын берді
Бүгін, 14 ақпан күні «ArtCello» халықаралық фестивалі аясында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында фестивальдің сыйлы қонақтары, атақты виолончельшілер – Денис Севериннің (ШВЕЙЦАРИЯ), Атанас Крастевтің (БОЛГАРИЯ), Разван Суманың (РУМЫНИЯ) шеберлік сыныптары өтті.
Жекелеп атап өтер болсақ, Денис Северин (ШВЕЙЦАРИЯ) – Женевадағы Жоғары Музыка Мектебінің және Берндегі Жоғары Өнер Мектебінің профессоры.
Атанас Крастев (БОЛГАРИЯ) – П. Владигеров атындағы Ұлттық музыкалық академияның доценті, (PhD) докторы, «Челлисимо» Халықаралық виолончель фестивалінің көркемдік жетекшісі.
Разван Сума (РУМЫНИЯ) – Бухарест қаласындағы консерваторияның профессоры. Румын еліндегі белгілі виолончельшілердің бірі, әлемдік санаттағы концерттік-орындаушы.
16 ақпан күні құрметті қонақтардың қатысуымен шаһарымыздағы Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясының Үлкен залында «Аrt Сello» фестивалінің қорытынды кеші өтпек.
Гала-концертке Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі Бас дирижері және көркемдік жетекшісі Қанат Омаровтың бастауымен қатыспақ. Дирижері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедияров. Солистер – Денис Северин (виолончель, Швейцария), Разван Сума (виолончель, Румыния), Атанас Крыстев (виолончель, Болгария) және Салауат Кәрібаев (виолончель, Қазақстан).
Бағдарламада Йозеф Гайднның, Антонин Дворжактың, Давид Поппердің, Петр Ильич Чайковскийдің, Эдвард Элгардың шығармалары орындалатын болады.