Консерваторияда белгілі кәсіпкер Сырымбек Таумен кездесу өтті
2022 жылы 9 қараша күні консерваторияның Е.Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында кураторлық сағат аясында өнер-білім ордасы студенттерінің кәсіпкер, Yokohama және Triangle шиналарының дистрибьюторы, Daco motors KZ компаниясының, SamgaPress баспасының иесі Сырымбек Таумен кездесуі өтті. Алдымен кураторлық сағатты консерваториямыздың Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ешмұханов Мұхамбет Ашхатұлы ашып, арнайы келген қонақты студенттерге таныстырды.
Спикер алғашқы сөзін жастарға бизнестің іргетасы үнемдеуден құралатынын айтудан бастады. «Үнемшіл болуымыз керек, қазір ысырапты көп жасайтын халық болып барамыз. Қазақта сөз бар ғой, теңге тиыннан құралады деген. Бизнесте ғана емес, барлық салада үнемдеген дұрыс: су, энергия көздері, бәрін. Әр бизнесті үнемшілдікке құраған дұрыс.» - дейді кәсіпкер.
«Екінші мәселе – өзімшіл болмау керек. Біріншіден бұл Алланың берген бағы ғой, екінші – талпынысыңыз. Ал дініміздегі бес парыздың бірі – зекет. Демек, зекет беріп, қайырымдылықпен көп айналысу керек. Зекет малдың садақасы деп айтады. Өйткені бір адамның ырысы сізде тұрған шығар. Қайырымдылықпен айналысқан адамның мейірімі оянады, ісі оңға басады. Дүние-мүлікті жүрекке салмау керек. Үшіншіден, алға қарай талпыныс. Жаңа нәрсе үйренсем, көрсем деген ниет болу қажет. Бір нәрсені жамандай берсең, жаманға айналады. Ал мақтай берсең, жақсы жағынан айта берсең жақсыға айналады. Бұл ақыл болмаса да, меніңше, жақсыға ұмтылыс деп қабылдау керек. Бес саусақ бірдей емес, әр елде жақсы жағы да, жаман жағы да жетерлік. Соның бәрін сүзгіден өткізіп, өзімізге жақсысын алып көрсетуге тырысамын. Солай ғана ілгерілейміз. Адам жалқаулық, жемқорлық, жағымпаздық, осы үш нәрседен аулақ болса, кез келген шыңды бағындырады. Менің ұстанымым – осы.» - деп кураторлық сағат қонағы сөзін түйіндеді.