Menu HELPDESK

Консерваторияда Берлиндік қонақпен кездесу өтті


4 сәуір күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқу ордасының Ғылыми-шығармашылық және халықаралық ынтымақтастық жұмыстар жөніндегі проректоры Ғ. Бегембетова мен Аспаптық орындаушылық факультетінің деканы Ж. Мүсәпірова Берлиннен келген қонақ, дирижер әрі пианист Маттиас Манази мырзамен кездесу өткізді. Жүздесу барысында белгілі өнер майталманымен алдағы сапары және жұмыс жоспарына қатысты мәселелер талқыланды.

Қадірлі қонақ елімізге Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы мемлекеттік симфониялық оркестрмен бірлесіп өткізілетін концертке қатысу үшін шақырылған екен. Аталған музыкалық шарада Р. Вагнер, Р. Шуман, И. Брамс және А. Оренбургскийдің музыкалары орындалады. Солистер – Аида Аюпова мен Ермек Құрманаев. Концерт осы жылдың 9 сәуіріне жоспарланған. Осы шарамен қатар, «Astana Opera» театры да германиялық өнерпазды 20 сәуірде жоспарланған концертке шақырып отыр.

М. Манази мырзаның сапарына орай жолдаған хатында Қазақстандағы Гете-Институт директоры Фридерике ван Степхаудт: «Біз, Германияның ресми мәдени ұйымы, Қазақстандағы Гете-Институт М. Манази мырзаның Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына жасамақ сапарларына қолдау көрсетеміз. Осы мүмкіншілікті пайдалана отырып, 10 сәуірден кейін консерваторияның дирижер мамандығы бойынша оқып жатқан студенттеріне арнап Маттиас Манази мырзамен шеберлік сыныбын өткізсек деген ойымыз бар. Берлиндік өнерпаздың гонорары мен аудармашыны өзіміз ұйымдастырамыз», - дей келе, институт директоры Консерватория ректорынан егер бұл жобалық жұмыс консерватория студенттері үшін қызықты және қажет болып жатса, білім алушылардың қатысуы мен шара өтетін залдың ұйымдастырылуын қамтамасыз етіп, шеберлік сыныбының нәтижелі деңгейде өтуіне қолдау көрсетуін сұрап отыр.

Альбомдарға оралу