Menu HELPDESK

Консерваторияда әдістемелік семинар өтеді



2023 жылдың 19 қаңтарында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Музыкатану және композиция» кафедрасы «Республикалық оқу орындарында қазақтың дәстүрлі музыкасын зерттеу және оқыту міндеттері» тақырыбында әдістемелік семинар өткізеді. Семинар аясында: 1. Музыка колледждеріндегі «Қазақ музыкалық әдебиеті» және жоғары оқу орындарындағы «ХХI ғасырдағы «Қазақ музыкасының тарихы» (мазмұны мен оқыту әдістемесі); 2.Республиканың оқу орындарында қазақ дәстүрлі музыкасын зерттеу және оқыту міндеттері (гуманитарлық және әдіснамалық аспектілер) секілді мәселелер талқыланады. Семинардың басталуы: 11.00.

Елімізде соңғы онжылдықтарда болған әлеуметтік-тарихи өзгерістер отандық мәдениетіміздің көптеген салаларының, оның ішінде –этномузыкатану ғылымының қарқынды дамуында айқын көрініс тапқаны белгілі. Мақалалар мен монографияларда, оқулықтар мен оқу құралдарында жарияланған мамандарымыздың қазақтың дәстүрлі музыкасына арналған жаңа зерттемелері, сондай-ақ, ондаған музыкалық-этнографиялық жинақтар бүгінгі күнге дейін оқу процесін жүзеге асырудың, білім алушылардың қазақ дәстүрлі музыкасы бойынша базалық білім алуының басты әдістемелік негізі болып табылады.

Отандық білім беру саласының Болон жүйесі платформасына көшуі этномузыкатанушыларды әртүрлі мамандықтарға арналған қазақтың дәстүрлі музыкасының оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізіп, музыкалық білім беруде арнайы орта буыннан жоғары буынға жалғасқан сабақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады.

Семинардың мақсаты – ХХІ ғасырдағы «Қазақ музыкалық әдебиеті» (дәстүрлі музыка кезеңі) және «Қазақ дәстүрлі музыкасының тарихы» курстарының мазмұнын, оларды оқыту әдістемесін талқылау; оқу бағдарламаларын қазіргі заман оқу үдерісіне бейімдеу; ғылыми-оқытушылық тәжірибені жинақтау және болашақтағы перспективаларды болжау секілді ғылыми және оқу-әдістемелік өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасу болып табылады.

Семинар жұмысына Алматыдан және еліміздің басқа өңірлерінің арнайы музыкалық орта буын мамандарының қатысуы оқу бағдарламалары мен оқу процесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді деп күтілуде.



Альбомдарға оралу