Консерваторияда әдістемелік семинар өтті
2023 жылдың 19 қаңтарында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Музыкатану және композиция» кафедрасы «Отандық оқу орындарында қазақтың дәстүрлі музыкасын зерттеу және оқыту міндеттері» тақырыбында әдістемелік семинар өткізді. Семинарды еңбектері отанымызда және шетелдерде кеңінен танымал қазақтың дәстүрлі музыкасының маманы, өнертану докторы, профессор С. А. Елеманова жүргізді. Лектор өз сөзінде: 1. Музыкалық колледждегі «Қазақ музыкалық әдебиеті» және ХХІ ғасырдағы ЖОО-дағы «Қазақ музыкасының тарихы» (оқыту мазмұны мен әдістемесі мәселелері); 2. Республиканың оқу орындарында қазақ дәстүрлі музыкасын зерттеу және оқыту міндеттері (гуманитарлық және әдіснамалық аспектілері) мәселелеріне тоқтады.
Елімізде соңғы онжылдықтарда болған әлеуметтік-тарихи өзгерістер отандық мәдениетіміздің көптеген салаларының, оның ішінде –этномузыкатану ғылымының қарқынды дамуында айқын көрініс тапқаны белгілі. Мақалалар мен монографияларда, оқулықтар мен оқу құралдарында жарияланған мамандарымыздың қазақтың дәстүрлі музыкасына арналған жаңа зерттемелері, сондай-ақ, ондаған музыкалық-этнографиялық жинақтар бүгінгі күнге дейін оқу процесін жүзеге асырудың, білім алушылардың қазақ дәстүрлі музыкасы бойынша базалық білім алуының басты әдістемелік негізі болып табылады.
Отандық білім беру саласының Болон жүйесі платформасына көшуі этномузыкатанушыларды әртүрлі мамандықтарға арналған қазақтың дәстүрлі музыкасының оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізіп, білім беруде музыкалық арнайы орта буыннан жоғары буынға жалғасқан сабақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады.
Осыған орай, консерваторияда өткен семинарда ХХІ ғасырдағы «Қазақ музыкалық әдебиеті» (дәстүрлі музыка кезеңі) және «Қазақ дәстүрлі музыкасының тарихы» курстарының мазмұны, оларды оқыту әдістемесі талқыланып, оқу бағдарламаларын қазіргі заман оқу үдерісіне бейімдеу; ғылыми-оқытушылық тәжірибені жинақтау және болашақтағы перспективаларды болжау секілді ғылыми және оқу-әдістемелік өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасулар болды.
Семинарға қатысқан К. Байсейітова атындағы арнайы музыка мектебі және П. Чайковский атындағы музыка колледжінің оқытушылары сөзінде қазіргі заманда арнайы музыкалық орта буын оқу орындарында қазақтың дәстүрлі музыкасын оқыту ерекшеліктерінің көптеген маңызды мәселелерін көтерді.
Іс-шара соңында оған қатысқан ұстаздар аталған пәндердің оқу бағдарламалары мен оқу процесін одан әрі жетілдіруде екі буын мамандарының бірлескен жұмысы мен тығыз ынтымақтастығын жалғастыру қажеттілігі туралы шешімге келді.