Menu HELPDESK

Консерваторияда IV Республикалық магистрлік оқулары өтті


2022 жылдың 18 ақпанында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Еркеғали Рахмадиевтің 90 жылдығына арналған «Композитор, орындаушы, зерттеуші: музыкалық кеңістігіндегі сұхбат» тақырыбында IV Республикалық магистрлік оқулары өтті. Форумға жоғары оқу орындарының ғылыми шығармашылық мамандықтарында білім алып жатқан үміткерлер қатысты.

Шараның мақсаты магистрлік зерттеу материалдарын апробациялау, теориялық және практикалық жұмыс нәтижелерін ғылыми ұғыну, заманауи ғылыми ақпаратпен алмасу. Н.А.Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург консерваториясы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ ұлттық өнер университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы сынды белді шығармашылық оқу орындарынан қатысқан 25 магистранттың жұмыстарын қазылар алқасы мен тыңдаушылар аудиториясы бағалап, үздіктері арнайы дипломдарға, олардың жетекшілері алғыс хаттарға ие болып, қатысушылардың барлығына арнайы сертификаттар табысталды. Қазылар алқасына Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті, Философия докторы (PhD) Бердібай Айжан Рахманқұлқызы басшылық етті.

Жұмыстар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде, күндізгі және сырттай қатысу түрлері бойынша қабылданды.

Негізгі тақырыптық бағыттар мынадай болды:

· Қазіргі әлемдегі музыка;

· Орындаушылық өнерді зерттеудің теориясы мен практикасы;

· Ұлттық композиторлық мектептер: өткені мен бүгіні;

· XXI ғасырдағы отандық музыка мәдениетінің мәселелері;

· Музыкалық білім берудегі жаңа тенденциялар.


IV Республикалық магистрлік оқуларына қатысушыларға өнер мен ғылым жолында биік шыңдарды бағындыра беріңіздер демекпіз.


Айта кетейік, Республикалық магистрлік оқулары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында биыл төртінші рет өткізіліп, үрдіске айналып отыр. Бұл шара шығармашылық бағытта ізденіп жүрген жас ғалымдардың шыңдалуына және оларды ынталандыруға ықпал етеді.









Альбомдарға оралу