Консерваторияда «ХХІ ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі Тұлға – Жанр – Дәстүр» атты Халықаралық конференция өтті
2023 жылдың 24 қарашасында консерваторияда «ХХІ ғасырдың музыкалық мәдениетіндегі Тұлға – Жанр – Дәстүр» атты Құрманғазы шығармашылығына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияның ашылуындағы алғашқы пленарлық отырысты Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әшіров Нұркен Нұрғалиұлы кіріспе сөзімен ашып, ұлы күйшінің-шығармашылығы жайлы өз баяндамасын көпшілік назарына ұсынды. Халықаралық жиынның модераторы өнертану ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор, консерваторияның Ғылыми-шығармашылық және халықаралық ынтымақтастық жұмыстар жөніндегі проректоры Бегембетова Ғалия Зайнақұлқызы болды. Конференцияға Zoom платформасы арқылы онлайн қатысуға мүмкіндік жасалып, эфир консерваторияның youtube арнасында тікелей көрсетілді. Қатысушылар өз жұмыстарын офлайн және онлайн түрде көпшілік назарына ұсынды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Домбыра» кафедрасының профессоры К. Сахарбаева «Ұлы күйші – Құрманғазы Сағырбайұлы. Күй мұрасының зерттелуі» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, «Музыкатану және композиция» кафедрасының профессоры, өнертану ғылымдарының докторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері С. Өтеғалиева «Курмангазы – выдающиийся представитель қазахского музыкального искусство» тақырыбында, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Башқұртстан Республикасының Халық әртісі, З. Исмагилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтының «Башқұрт музыкасы» факультетінің деканы, (Уфа қ., Башқұртстан Республикасы, Ресей Федерациясы) А.М.Айткулов «Башкирский национальный инструмент курай в системе народных духовых инструментов» тақырыбында, Л. В. Собинов атындағы Саратов мемлекеттік консерваториясы «Музыка теориясы және композиция» кафедрасының профессоры, өнертану ғылымдарының докторы (Саратов қ., Ресей) Т.В.Карташова «Личность Дживани Константиновича Михайлова в контексте изучения парадигм музыкальной культуры Индии» тақырыбында және осы білім ордасының профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, өнертану докторы, (Саратов қ., Ресей) О.В.Купапина «Эволюция восточных ладов в трудах энциклопедистов арабоперсидского региона» тақырыбындағы ғылыми тұжырымдамаларын конференция қатысушыларымен бөлісті.
Конференцияның келесі кезеңі «Құрманғазы шығармашылығы және оның бүгінгі мұрасы», «Мәдениет идеологиясы мен парадигмасы контекстіндегі тұлға» тақырыптарымен консерваторияның мәжіліс залында жалғасын тапты. Бұл бөлімде Тува гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық зерттеулер институты фольклортану секторының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, (Тыва Республикасы) У.О.Донорова, Л. В. Собинов атындағы Саратов мемлекеттік консерваториясы «Арнайы фортепиано» кафедрасының профессоры, өнертану кандидаты, Ресей Федерациясының жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері Н.М.Смирнова, сонымен қатар, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының және Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушылары мен магистранттары, студенттері қазақ музыка өнері жайында дайындалған баяндамаларын талқыға салды.
«Дәстүрлер мен жаңашылдық: жанрлар мен дәстүрлерді өзгертудегі музыканттың рөлі» және «Қазіргі ұлттық мәдениеттердегі композиторлық және орындаушылық дәстүрлер» тақырыбында өткен конференцияның кезекті бөлімінде Узеир Гаджибейли атындағы Баку музыка Академиясы «Музыка теориясы» кафедрасының профессоры, өнертану ғылымдарының докторы, Әзірбайжанның Еңбек сіңірген оқытушысы Г.Р.Махмудова, аталмыш Академия доценттері, өнертану кандидаты, Еңбек сіңірген оқытушы Л.Т.Джафарова, өнертану бойынша философия докторы И.В.Пазычева, Л.В.Собинов атындағы Саратов мемлекеттік консерваториясының «Фортепиано» кафедрасының магистранты Д.А.Шаукембаева және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының және Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер Университетінің профессорлары, оқытушылары мен магистранттары, студенттері музыка саласындағы әртүрлі тақырыпты қамтыған баяндамаларымен таныстырды.
Аталмыш конференция аясында Башқұртстан Республикасының Халық әртісі Азат Айткулов «Қурай аспабын ойнауда резонаторларды қолдану» және Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Закирбек Дуйшенбек Уулу «Күй жанры» тақырыптарында шеберлік сыныптарын өткізді.
Бір күнге созылған Халықаралық жиынның шымылдығы консерваторияның Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында өткен «КҮЙ ҚҰДІРЕТ» атты салтанатты концертпен жабылды.