Консерваторияда «Ұлттық киім» күні өтті
2024 жылдың 18 наурызында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Ұлттық киім» күні жоғары деңгейде өтті. Наурызнаманың онкүндігінде аталып өтілетін айтулы мереке күні аясында ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған іс-шаралар легі өнер-білім ордасында жарасымды жалғасын тапты.
Консерватория ректоры Н.Н.Аширов қызметкерлерді, оқытушылар мен студенттерді арнайы құттықтап, сан ғасырлар бойы көз тартар әсемдігімен және үйлесімділігімен ерекшеленетін ұлттық киіміміз– қазақ халқы мәдениетінің ажырамас бөлшегі екендігін атап өтті. Сондай-ақ, Е.Рахмадиев атындағы концерт залында студенттер мерекеге орай ән мен жырдан шашу шашты. Қазақы киімнің барша сәнділігі мен ою-өрнегі, әрбір әшекейі бойларына жарасым тапқан консерватория қызметкелері мен оқытушылары, сондай-ақ студенттер алдағы уақыттарда да ұлттық нақыштағы киімдерді тек сахналық немесе мерекелік емес, күнделікті киетін киімге айналдырып, қалыптастыруды мақсат тұтуда.