Menu HELPDESK

Консерваторияда министрдің қатысуымен салтанатты жиын өтті


Бүгін еліміздегі ұлттық дәстүрлі өнер мен еуропалық классика өнерін ұштастырып, айрықша музыка феноменін қалыптастырған көшбасшы шығармашылық жоғары оқу орны – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ерекше, салтанатты жиын өтті. Өнер шаңырағының Үлкен концерт залына белгілі композитор Еркеғали Рахмадиев есімінің берілу салтанаты көктемгі Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келді.

Осындай мерейтойлы күнге және Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесінің қарсаңына дөп келген салтанатты жиынға композитор Еркеғали Рахмадиевтің зайыбы Клара апайымыз, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев пен вице-министр Нұрғиса Мұратұлы Дәуешов, қазақтың өнер корифейлері – Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов, Жания Әубәкірова және қаламыздағы іргелі өнер ордаларының басшылары қатысты.

Ректор Арман Әділханұлы басқарып отырған консерватория ұжымының ұстанымы – дәстүрлі музыкалық мұрамызды көзіміздің қарашығындай сақтау, дамыту және насихаттаумен қатар, өскелең ұрпаққа заманауи, әлемдік деңгейдегі жан-жақты музыкалық білім беріп, бәсекелестік қабілеттерін шыңдау және рухани жаңғыра отырып, негізден ажырамаған ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу, елінің намысын тірілтіп, тәуелсіздігімізді баянды ету, ертеңімізді тұғырлы қылу!

Бұл күнде Италия, Франция, Қазақстан, Өзбекстан, Беларуссия сияқты алыс-жақын шетелдерде өткен халықаралық байқаулардың жүлдегері болып жүрген Консерваторияның студенттік концерттік ұжымдарының және жеке орындаушылардың қатысуымен өткен мерекелік концертке көрермен риза болып тарқасты.

Дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын!

Көктем мерекесі Наурыз сіздерге молшылық пен береке әкелсін! 




























Альбомдарға оралу