Консерваторияда «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында кураторлық сағат өтті
Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының А.Жұбанов атындағы кіші концерт залында 2021-2022 оқу жылындағы 1-курс студенттеріне арналған кураторлық сағат өтті. Кураторлық сағатты Тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Мұхамбет Ешмұханов пен «Психикалық сауықтыру орталығы» мемлекеттік комуналдық кәсіпорнының психиатр-нарколог дәрігері Қалниязова Сабина Шамшидинова өткізді. Сондай-ақ, шараға консерватория медбикесі Жаңылхан Болатбекқызы да қатысты.
Аталған іс-шара «Нашақорлық – қоғам дерті» атты тақырып төңірегінде өрбіді. Кураторлық сағат барысында студенттер нашақорлықтың алдын алу және онымен күресу жолдарымен танысты.
Психиатр-нарколог дәрігер С.Қалниязова білім алушыларды бүгінде бүкіл әлем бойынша нашақорлықтың есірткі немесе психотроптық заттарға тәуелділіктен туындайтын ауру екендігін, оның көптеген қылмыстарға тікелей себепкер болатындығын, мәселен, кәмелетке толмаған нашақорлардың шамамен 2/3 бөлігі қылмыскерге айналатындығын ескертіп, әлемдік дерттің біздің елімізде де айтарлықтай өршіп, ауыздықтатпай тұрғандығын да айтып өтті. Сол себепті студенттердің темекі, ішімдік, электрондық темекілер, есірткілер, мефедрон, химиялық есірткілердің барлығынан барынша аулақ болулары қажеттігін тағы бір мәрте ескертті.
Осы орайда проректор Мұхамбет Ашхатұлы нашақорлық жастардың есірткіге деген қызығушылығынан басталатындығын, жасөспірім бір рет дәмін көрген соң, бұл әсерді тағы да сезінгісі келетіндігін, осылайша тәуелділік туындайтындығын атап өтті. Жақын адамдардың тарапынан махаббат пен жылулықтың болмауы әрі ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік аталған дертке әкелуі мүмкін екендігін, сол себепті жас балалар есірткінің көмегімен жанұядағы проблемалардан және жағымсыз эмоциялардан арылғысы келетіндігін де ескертті.
Студенттер қоғам дертіне айналған нашақорлықтың өмірлеріне зиян екендігіне қатысты ақпараттармен қанығып, толықтай мәлімет алды.