Menu HELPDESK

Консерваторияда отбасы құндылығы тақырыбында кураторлық сағат өтті



2023 жылдың 22 ақпанында консерваторияның Е. Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында кураторлық сағат аясында өнер-білім ордасының студенттерімен Педагогикалық ғылымдар академиясының психологы Исабекова Эльмира Кужатқызы ханыммен кездесу өтті.

Кураторлық сағатты консерваториямыздың Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ешмұханов Мұхамбет Ашхатұлы ашып, арнайы келген қонақтарды студенттерге таныстырды. Спикер отбасы құндылығы тақырыбын кеңінен қозғап, студенттер қойған түрлі сауалдарға жауап берді.

Халық арасындағы «Отан отбасынан басталады» деген қағидаға айналған сөз қай кезде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес. Отбасы – кез келген адам өмірінің ең маңызды бір бөлігі. Туған ұясы атанған отбасы қажеттілігін ешқашан жоғалтпайды. Өйткені, ол белгілі бір әлеуметтік институт. Тәрбиенің негізі жанұядан бастау алатындықтан, оған немқұрайлылық таныту мүмкін емес. 

Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Ата көрген, оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Кішіге ізет, үлкенге құрмет», «Атаға не қылсаң, алдыңнан сол келеді», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген көптеген өлшемдер бар. Осы өлшемдерге қарайтын болсақ, бар мәселе отбасынан басталатынын ұғуға болады. Ұлт болашағында отбасы ең басты тұғырды иеленеді.

Отбасылық құндылықтарының мәуелі бәйтерегі, ол – ата мен ана. Ата-ана өз ұрпағына дұрыс жолды меңзеп, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге, рухани бай болуымызға, халық үшін жанымызды пида етуге септігін тигізеді. Олардан алынған тәлім-тәрбие өмір бойына азық болады, оның бітіп қалатын тарифі жоқ. Бойларымызға жақсылықты дарытқан, тек игі істер жасауға және әрбір істе жоғары нәтижеге қол жеткізуге дағдыландырған барша ата-аналарға мың алғыс! 

Шаңырақ құндылықтарының екінші бір сатысы жақындарымен жалғасын табады. Мәселен, жанұядағы ата мен әженің рөлі де айрықша. Олардың дүниеге деген көзқарастары мен өзіндік талғамдары жасы кіші балаға өнеге болары анық. Кішкентай кезінен атасының, не болмаса әжесінің айтқандарына құлақ түретін ұрпақ болса, оның арты тек жақсылыққа әкеледі. Тәлім-тәрбиенің негізі ата-анадан кейін қастарындағы жақын адамдардан үлгі алу арқылы қалыптасады, өзіндік жеке ұстанымдарды дамытуға септігін тигізеді. Сол бір сәтте баланың жанына демеу бола тұрып, оған тәрбиенің дұрыс берілуін қадағалау маңызды рөл атқарады. Ұлы Абай атамыз былай деген екен: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі - ата-анадан, екіншісі - ұстаздан, үшіншісі-құрбысынан». Сондықтан қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де, ата-ана бала тәрбиесіне мән берулері тиіс. Ұрпақтар сабақтастығы тек осылайша жалғасын таппақ.

Жанұя – жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы. Ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де осы отбасы. Отбасынан басталып, жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыра түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық! 







Альбомдарға оралу