Menu HELPDESK

Консерваторияда Қожа Ахмет Ясауи мұрасы тақырыбында кураторлық сағат өтті


2023 жылдың 26 сәуірінде консерваторияның Е. Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында кураторлық сағат аясында Абай атындағы ҚазҰПУ-нің оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Аманжол Мейірмановтың өнер білім ордасының студенттерімен кездесуі өтті.

Қожа Ахмет Ясауи мұрасының рухани-мәдени, тәлімдік мәні тақырыбында өткен кураторлық сағатты консерваториямыздың Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ешмұханов Мұхамбет Ашхатұлы ашып берді.

Кең байтақ Қазақстанда бүгінде ұлы тарихымыздың айғағы болып саналатын сәулеті асқан көне ғимараттар жетерлік, оларды мемлекетіміз өз қорғауына алған. Солардың бірі әрі бірегейі, XIV ғасырдан бүгінгі тәуелсіз Қазақстанға аманат болып жеткен, іргелі архитектуралық ғимарат – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі.

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің Тәңірі берген несібі ғой, - деп Мағжан Жұмабаев жырға қосқан шаһарда ғұлама-ұстаз, Әулиелердің Сұлтаны Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орналасқан. Яссауи бабамыздың кесенесі – еліміздегі аса құнды тарихи ескерткіш, сәулет өнерінің керемет туындысы. Тарихи маңызы зор, түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында орналасқан бұл ғимаратты атағы әлемге жайылған әмір, қолбасшы Әмір Темір салғызған.






Альбомдарға оралу