Консерваторияда Президент Жолдауын талдау бойынша басқосу өтті
Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талдап, түсіндіру бойынша басқосу болып өтті.
Президент Жолдауы – еліміздің жыл сайынғы даму стратегиясын айқындап беретін маңызды құжат. Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауында Үкімет алдына қойған міндеттер кезең-кезеңімен орындалып, өз нәтижелерін беріп келеді. Құжатта ең басты міндет – халықтың әл-ауқатын көтеру екені айрықша айтылып, осы мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар міндеттер белгіленген.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаңа уақыт талаптарына сәйкес еліміздің экономикалық дамуына, өнеркәсіпті күшейтуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін ауылшаруашылығы саласына аса көңіл бөлуге, білім және ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау, бизнес және әлеуметтік мәселелер секілді елдегі барлық саланың жұмыстарына қатысты міндеттерді бекітіп берді.
Президентіміз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керектігін, алдымызға қойған осындай биік мақсатқа жету оңай болмайтындығын, алайда бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа екендігін нақтылаған еді. Сондай-ақ, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды екеніне назар аударып, әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет екенін, әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асудың жоқ екендігін баса айтқан еді.
Басқосу барысында консерваторияның профессорлық-оқытушылық құрамы жастарды өнерге баулып, білімге қанықтырып қана қоймай, оларға дұрыс тәрбие беру ісіне ыждаһаттылықпен бірауыздан атсалысып, ел болашағы үшін бар білімі мен өмірлік тәжірибелерін аямай еңбек етуге даяр екендіктерін білдірді.