Menu HELPDESK

Консерваторияда Республика күнін мерекелеу аясында кешенді іс-шаралар өтпек

  

Биыл маусым айында өткен алғашқы ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Республика күні» мейрамын қайта жаңғыртып, ұлттық мереке деңгейінде тойлау туралы мәлімдеген еді. Президентіміз: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын.» - деген еді. Осыған орай биылдан бастап атаулы мерекені республика бойынша ауқымды түрде атап өту қолға алынды. Еліміздің барлық өңірлерінде Республика күнін символдық мәні жоғары мереке ретінде кеңінен тойлау басталып кетті.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Республика күнін мерекелеу бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын бекітіп, қазіргі уақытта бірнеше күнге жоспарланған алғашқы шаралар тізбегі өтіп жатқан болса, кезекті жобаларды ұйымдастыру жұмыстары қызу түрде жүргізілуде.

1. 1-15 қазан аралығына жоспарланған «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен бакалавриат, магистратура бойынша білім алып жатқан студенттер арасында «Менің арманымдағы Қазақстан» атты эссе байқауы тиісті деңгейде өтіп жатыр. Шараның мақсаты – білім алушылардың азаматтық сана-сезімін дамыту, жастар болашағының ел болашағымен байланысты екендігін және ел келешегі үшін жауапкершілік арқалау қажеттігін түсіндіру, сондай-ақ жас қаламгерлерге қолдау көрсету.



2. Қазан айының 12-26 аралығында консерваторияның кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз Қазақстан Республикасы» атты кітап көрмесі есігін айқара ашпақ. Кітапхана қорындағы тақырыпқа сай кітаптар көпшілік назарына ұсынылады.



3. Қазанның 14 жұлдызында консерватория жатақханасының спорт алаңында Жастармен жұмыс жасау комитетінің ұйымдастыруымен «Тәні саудың, дені сау» атты футболдан факультетаралық жарыс жоспарланып отыр. Шараның мақсаты – қазақ елінің қарыштап дамуы үшін жастарымыздың денсаулығын нығайтып, студенттер арасында салауатты өмір салтын  қалыптастыру. Сол себепті де түрлі спорттық іс-шаралар өткізу негізгі бағыттарымыздың біріне айналды.



4. 15 қазан күні консерватория жатақханасының спорт залында Жастармен жұмыс жасау комитетінің ұйымдастыруымен «Кино кеші» атты студенттерге тарихи-патриоттық киноларды көрсету жоспарланған. Аталмыш шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың санасына отансүйгіштік пен рухани серпілісті көпке танымал тарихи-патриотты фильмдер арқылы сіңіру.



5. 19 қазанда консерваторияның Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры М.Ешмұхановтың ұйымдастыруымен  Е.Рахмадиев атындағы үлкен концерт  залында «Жаса Қазақстан» атты консерватория студенттеріне арналған кураторлық сағат жоспарланып отыр. Кездесу барысында Республика күнін ұлықтау мақсатында Студенттер және түлектермен жұмыс жасау бөлімінің жетекшісі Республика күні туралы қысқаша ақпарат береді. Белсенді студенттеріміз еліміздің болашағы туралы өз ойларын ортаға салып, алдағы жоспарларымен бөліспек. Кездесу соңында «Менің арманымдағы Қазақстан»  атты эссе байқауының  жеңімпазын салтанатты түрде  марапаттау рәсімі өтеді.



6. Қазанның 21 жұлдызына Жастармен жұмыс жасау комитетінің жетекшісі А.Рақышева «Шаңырақ жәрмеңкесі» атты ЖОО аралық (Құрманғазы атындағы ҚҰК, ҚазҰӨА, ҚБТУ) жәрмеңке ұйымдастырмақ. Шараның мақсаты – көпұлтты, көпконфессиялы Қазақстанның болашағы өзара келісім мен берекеге, ауызбіршілік пен ынтымаққа байланысты екендігін көрсету. Осы тұрғыда ЖОО-ның студенттері қала қонақтарына Панфилов көшесінде орналасқан Арбатта жәрмеңке мен концерттік нөмірлерін ұсынбақ.



7.  22 қазан күні консерваторияның «Қамқор» студенттік еріктілер клубының ұйымдастыруымен «КЕҢЕС» мүгедек балаларға арналған оңалту орталығында «Күнім менің» атты қайырымдылық концертін өткізу жоспарланған. Бұл іс-шараның мақсаты – мейірімділік пен ізгілікті, қамқоршылық пен сүйіспеншілікті жастардың бойына сіңіру.



8. 23 қазан күні консерваторияның «GFORCE» жастар қозғалысы студенттік клубының ұйымдастыруымен «Байтақ далам» атты табиғат аясына саяхат жоспарланған. Шараның мақсаты – 1-курс студенттерін шаһардың ең көрікті жерлері «Медеу», «Горельник», «Шымбұлақ» сынды демалыс орындарына апарып, жастардың бойында байтақ даламызға деген сүйіспеншілік сезімін ояту.



9. Қазанның 26 жұлдызына Е.Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Республика күнін мерекелеу аясында өткізген кешенді іс-шараларының қорытындысы ретінде «Жасай бер, Қазақ елі!» атты Республика күніне арналған мерекелік концерт жоспарланып отыр. Мерекелік шара шымылдығын өнер-білім ордасының ректоры Арман Әділханұлы ашып, жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, консерватория оқытушылары мен студенттерін салтанатты түрде марапаттайтын болады. Марапаттау рәсімі аяқталғаннан соң, шара дәстүрлі өнердің қарашаңырағында білім алып жатқан өнер иелерінің тамаша концертіне ұласпақ.



Альбомдарға оралу