Консерваторияда шертпе күй шебері Әбікен Хасеновтің 130 жылдығына арналған кеш өтті
2023 жылдың 27 қарашасында консерваторияның А.Жұбанов атындағы концерт залында халық музыкасы факультеті «Домбыра» кафедрасының ұйымдастыруымен шертпе күй шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Әбікен Хасеновтің 130 жылдығына арналған «Әбікен әуендері» атты концерті өтті.
Әбікен Хасенов Қарағанды облысы, Шет ауданында дүниеге келген. 1934 жылдан бастап Қазақ академиялық драма театрының актеры болып еңбек еткен. Көптеген образдарды сомдаған театр тарланы ретінде аты тарихта қалған тұлғаның күйшілігі бір төбе еді. Әбікен Хасеновтің орындауында Тәттімбет, Итаяқ, Мақаш, Сембек, Қыздарбек, Әбді сияқты халық күйшілерінің туындылары күйтабаққа жазылып мұра боп қалды. Шертпе күйдің майталман шеберін С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафиндер сүйіп тыңдаған, А. Жұбановтың монографиясында есімі аталған. Әбікен Хасенов – қазақтың шертпе күй өнерінің заманауи кәсіби мектебінің іргетасын қалаған ұлы күйші. Оның «Қоңыр» атты күйі өзі өмір сүрген тар кезеңнің ауыртпашылығын суреттейді.
Күй кешін шертпе күй шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ысқақов Біләл Алпанұлы жүргізді. Концертке «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Құдайбергенова Салтанат, Нұрбаева Динара, Кенегесов Асылбек, Саденов Таңат, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары 1-курс докторанты Алина Әсел, Рақымжан Әсел, PhD докторы Жаменкеев Ержан, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, 1-курс магистранты Қырғызбай Баян, 3-курс студенті Жарқыннұр Ержанат қатысып, Әбікен Хасеновтің орындауында жеткен күйлерді көрермен назарына ұсынды.