Menu HELPDESK

Консерваторияда Студенттік фольклорлы-этнографиялық оркестрдің тұсаукесері өтті


Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Е.Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында Студенттік фольклорлы-этнографиялық оркестрінің тұсаукесер концерті өтті. Бұл ұжым консерватория ректоры Арман Жүдебаевтың қолдауымен 2019 жылы құрылған. Алайда, дүниежүзілік пандемия салдарынан оркестрдің тұсаукесері біршама кейінге шегерілді. Бүгін міне, сол ұжымның алғашқы концерті көрермен назарына ұсынылды. Оркестрдің негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі және дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Нұрғалиұлы Әшіров.

Тұсаукесер концерт ректор Арман Әділханұлының құттықтау сөзімен басталды. Концерттік кеш бағдарламасында Құрманғазының күйімен қоса, Н.Тілендиев, Е.Үсенов, А.Жайым сияқты атақты композиторлардың туындылары, сондай-ақ, оркестрдің көркемдік жетекшісі, күйші-композитор Н.Әшіровтің де шығармалары орындалды. Залға жиналған көпшілік тұсауы жаңа кесілген оркестрдің орындаушылық шеберліктеріне тәнті болып, мазмұнды бағдарлама ұсынған ұжымға ыстық ықылас білдіріп, қошемет көрсетті.

Бұл ұжымды Көрнекті композитор, дәулескер күйші, атақты маэстро Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» ФЭО-нен кейінгі еліміздегі екінші фольклорлы-этнографиялық оркестрі деп санауға толық негіз бар. Себебі, Қазақстанның басқа аймақтарындағы ұлт-аспаптар оркестрлері мен фольклорлық ансамбльдердің құрамдары бұл оркестрлердің құрамына жетпейді. Жаңа ұжымға шығармашылық табыстар тілеп, болашаққа кең құлаш жая берсін дейміз.









Альбомдарға оралу