Консерваторияда VI Халықаралық камералық музыка фестивалінің шымылдығы ашылды
Бүгін, 14 қараша Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында VI Халықаралық камералық музыка фестивалінің шымылдығы ашылды.
Халықаралық шара аясында қарашаның 14-17 аралығында консерваторияның концерттік залдарында Грекия, Ресей және Қазақстанның майталман орындаушылары өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынып, консерваторияның білім алушыларына шеберлік сабақтарын өтпек. Төрт күнге созылатын фестиваль бағдарламасында Барокко дәуірінен қазіргі заманға дейінгі түрлі стильдегі және жанрдағы әлемдік камералық музыканың жауһарлары орындалады.
Фестивальдің алғашқы күні 14 қарашада Ғ.Жұбанова атындағы камералық залда Грекияның Патра қаласындағы консерватория оқытушысы, «Патра солистері» камералық оркестрінің концертмейстері Яннис Мавридистің «Квартет сыныбындағы бірлесе орындаушылық» тақырыбында шеберлік сабағы, сондай-ақ Е. Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында Дина Құрманалинованың жетекшілігімен “D'EL'SA CONSORT” Барокко музыкасы ансамблі мен Студенттік камералық оркестрдің (дирижері ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ануар Акбаров) концерті өтті.