Консерваторияның Камералық залына композитор Ғазиза Жұбанованың есімі берілмек
ЖҰБАНОВА ҒАЗИЗА АХМЕТҚЫЗЫ
(02.12.1927-13.12.1993)
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Ғылыми Кеңестің 2023-2024 жаңа оқу жылындағы алғашқы отырысы болып өтті. Басқосу барысында профессорлық-оқытушылар құрамының қолдауымен бірауыздан консерваторияның Камералық залына композитор Ғазиза Жұбанованың есімін беру туралы шешім қабылданды.
Ғазиза Ахметқызы – КСРО және ҚазСРО-нің Халық артисі, ҚазСРО еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор – заманауи музыканың барлық жетекші жанрларын елеулі және жарқын танытқан ХХ ғасырдың аса көрнекті композиторларының бірегейі. Ол – әлемдік музыкалық кеңістікте танылған алғашқы қазақ әйел композитор. Ол тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де жоғары мәдениеттің үлгісін көрсеткен суретші, терең ойлы атақты тұлға болып табылады. Композитор өзінің шығармашылығында прогрессивті әлемдік музыка өнерінің заманауи жетістіктеріне сүйенген.
Ғ.Жұбанова 1962 жылдан 1968 жылға дейін Қазақстан Композиторлар Одағын басқарған. Осы кезеңде опералық, симфониялық, камералық-аспаптық және вокалдық музыка секциялары белсенді жұмыс істеді.
1975-1987жылдар аралығында Ғ.Жұбанова Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының ректоры ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен кәсіби музыкалық біліміне жіті көңіл бөлді. Композитор консерваторияның қоғамдық мәртебесін көтеруге мол еңбек сіңірді. Соған орай, өнер-білім ордасында әрбір студенттің талантын тереңнен танып, қабілетін анықтауға және шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған дарындарды оқытудың жеке нысаны әзірленді.
Ғ.Жұбанованың еселі еңбегінің арқасында жетекші музыкалық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылып, студенттік ұжымдардың Мәскеу, Ташкент, Баку, Рига, Новосибирск және шетелдерге - Польша, Румыния, Словакияға сапарлары ұйымдастырылды.
Консерватория ректоры ретінде ол үшін кәсіби музыканттарды сапалы даярлау проблемасы басым болды және осы мәселені ауқымды түрде шешуді қолға алып, жаңа факультеттер мен кафедралардың ашылуына белсенді түрде ықпал етті.
Нәтижесінде арнайы фортепианоның екі кафедрасы құрылды. Ішекті аспаптар кафедрасы екі «Скрипка және альта» және «Виолончель» кафедрасына бөлінді. Атап айтсақ, «Музыка теориясы» кафедрасы - «Гармония және сольфеджио» және «Полифония және талдау»; «Музыка тарихы» кафедрасы - «Орыс және шетел музыкасының тарихы» және «Қазақ музыкасы мен фольклоры» болып жұмыстарын жалғастырды. Ғ.Жұбанованың бастамасымен қазақ халық аспаптары кафедрасы дербес факультет ретінде рәсімделіп, жаңадан «Әдістемелер мен психология» кафедрасы құрылды.
Осы орайда қазақ музыкасын дамытуда үлкен рөл атқарған екі жаңалықты атап өткім келеді. Олардың біріншісі, фольклорды, қазіргі заманғы композиторлық шығармашылықты және орындаушылықты зерттеудегі жаңа ғылыми бағыттарға байланысты музыкатану зерттеулерінің негізгі векторын анықтаған «Қазақ музыкасы» кафедрасына қатысты болса, екіншісі «Қазақ халық аспаптары» факультетіне қатысты болды. Аталмыш кафедрада тек домбыра мен қобыз бойынша ғана емес, сонымен қатар сыбызғы, қобыз, асатаяқ, дауылпаз, шертер, жетіген, сырнай, керней сияқты басқа да халық аспаптары бойынша мамандар даярлана бастады.
Ғ.Жұбанованың тікелей қолдауымен әрі көмегімен Қазақстанда алғашқы ішекті квартет құрылды. Оның құрамына консерваторияның жас дарынды ұстаздары А. Ақбаров, Е. Рыскелдиев, В. Багаутдинов, К. Андарбаев кірді. 2001 жылы қазақтың ұлттық ішекті квартетіне Ғазиза Жұбанованың есімі берілді.
1980 жылдар композитор үшін жеңісті де жемісті болды. Осы кезеңде ол әйгілі шығармаларын, атап айтсақ, «Жиырма сегіз», «Құрманғазы», «Ғасырдан да ұзақ күн» операларын, «Қара көз», «Мадам Баттерфляй» балеттерін, «Әйелдер аралы» және «Сарыөзек метафорлары» атты екі бірдей симфониясын, оркестрмен фортепиано және виолончельге арналған концерттерін, «Нан және ән», «Татьянаның әні», «Адамды сүйетін адам» үш ораториясын, үш бөлімді фортепианоға арналған «Соната-фантазия» сонатасын, сондай-ақ, драмалық спектакльдерге арналған музыкасын жазып шықты. Бұл шығармалардың барлығы кемелдігімен және шынайы шеберлігімен ерекшеленеді. Оларда дәстүрлер мен жаңашылдық, мәңгілік және өткінші дүниелердің мәселелері жоғары руханият әлемімен ұштастырыла бейнеленген.
Профессор Ғ.А.Жұбанованың композиция бойынша сыныбында қазіргі таңда танымал көптеген композиторлар білім алған. Олардың қатарында А.Серкебаев, Т.Мұхамеджанов, С.Кибирова, Б.Дәлденбай, Қ.Шілдебаев, А.Мәмбетов, А.Сағат, А.Райымқұлова, Г.Үзенбаева, Н. Қаражігітов бар. Өнер иесі сыныбынан жалпы саны 25-тен астам композитор қанат қаққан екен. Олардың барлығы бүгінде Қазақстанның заманауи композиторлық мектебін құрайды.
А.С.Нүсіпова
Құрманғазы атындағы ҚҰК «Вокал, дирижерлеу және музыкалық білім беру» Факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор, өнертану кандидаты, «ҚР Мәдениет саласының үздігі»