Ұлағатты ұстаз болмысы бөлек жан еді
27 наурыз 2022
Наурыздың 26-сы күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының А. Жұбанов атындағы Кіші залында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, профессор (ЖАК) Балым Серәліқызы Қожамқұлованың өмірден өткеніне бір жыл толуына орай өнер майталманын еске алуға арналған концерт өтті. Кеш барысында педагогика ғылымдарының кандидаты, ішекті аспаптар кафедрасының профессоры Сәуле Сейдуәлиқызы Жүсіпова, өнертану докторы, профессор Әсия Ибадуллақызы Мұхамбетова және сіңлісі Салиха Серәліқызы атақты педагог туралы естеліктерімен бөлісті.
Әйгілі театр және кино актері Серәлі (Серке) Қожамқұловтың қызы, белгілі скрипкашы, ардақты ұстаз, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Балым Серәліқызы Қожамқұлова қамшының сабындай қысқа ғұмырының 55 жылын шəкірт тəрбиелеуге арнап, мағыналы тірлік кешкен, қазақ өнерінің өрісін кеңейтіп, қанат жаюына өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстаз, болмысы бөлек жан еді. Көптеген өнерпаздың шанағынан сиқырлы саз төккен скрипка аспабын еркін меңгеріп шығуына жағдай жасады.
Оқытушылық қызметі жылдарында Б.С. Қожамқұлова жоғары білімді 85 студентті, 10 аспирант пен магистрантты, орта арнаулы білімді 15 түлекті дайындады. Қазақстанның музыкалық мәдениетінің мақтанышы болып табылатын көптеген скрипкашыларды тәрбиелеп шығарды, олардың ішінде концертмейстер, Абай атындағы МАОБТ концертмейстері – Ш. Төлепқалиева, «Астана Опера» концертмейстері – А. Байкенова, ҚазҰӨУ профессорлары А.К. Қармысова, Д.Ж. Жұмабекова, Құрманғазы атындағы ҚҰК профессоры С.С. Жүсіпова, профессор, солист және дирижер А.Г. Пьянковский, И. Рахимова-Фрадкина, В. Тен, М. Фрадкин және басқалар бар.
Еске алу кешінде консерватория шәкірттері А. Жұбановтың «Романс», М. Төлебаевтың «Толғау», А. Меттустың «Романс», И. Коганның «Күй-каприз», Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», Н. Тілендиевтің «Аққу» күйі, Құрманғазының «Төремұрат» күйі, Ә. Толғанбаевтың «Бозжорға» күйі секілді туындыларды шалқытты.
Қабылдау 2024