Әлемдік музыка өнеріндегі көрнекті тұлға – доктор Ласло Стахо консерваторияда қонақта болды
Қазанның он жетісінен бері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында әлемдік музыка өнеріндегі көрнекті тұлға, Ференц Лист музыкалық академиясының профессоры (Венгрия), философия докторы, – доктор Ласло Стахо қонақта. 17-20 қазан аралығында консерватория қабырғасында доктор Ласлоның әртүрлі тақырыпта шеберлік-сыныптары және жеке концерті жоспарланған болатын.
Қадірлі мейман 17 қазанда «Тиімді және шабыттандыратын дайындықтың әдіснамасы» атты, ал 18 және 20 қазанда «ХХ ғасырдың басындағы орындаушылықтың тарихы және оның талдауы» тақырыбында шеберлік сыныптарын өткізді.
19 қазанда консерваторияның Е. Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында профессор Ласло Стахоның жеке концерті өтті. Концерттік бағдарламада Й. Гайдн «Соната до минор, Hob XVI:20», В.А. Моцарт «Соната до мажор KV 330», Ф. Лист «Ноктюрн «En reve» (Сновидение), S.207» және «Sursum corda» (Ввысь сердца) «Третий год странствий» жинағынан, S.163, Б. Барток «Пятнадцать венгерских крестьянских песен», Sz. 71, ВВ 79 шығармалары орындалды.
Ласло Стахо – музыкатанушы, психолог әрі пианист. Бүгінгі таңда доктор Стахо Будапешт қаласындағы Ференц Лист музыка академиясында сабақ береді, сондай-ақ Санта-Чечилия консерваториясы (Рим) мен Катарина Гурск консерваториясының (Мадрид) тұрақты шақырылатын профессоры болып табылады. Доктор Стахоның педагогикалық қызметі камералық музыканы, музыкалық талдауды және жиырмасыншы ғасырдың орындаушылық практикасының тарихын, музыкалық орындау психологиясын және репетициялар әдіснамасын, сондай-ақ музыканттардың назарын жаттықтыруды қамтиды. Соңғы онжылдықта ол өзінің Отаны Венгрияда ұлттық базалық оқу бағдарламасы мен консерватория бағдарламасын қоса алғанда музыкалық білім берудің оқу бағдарламаларын ұлттық жоспарлау барысына қатысты.
Пианист және камералық музыкант ретінде ол бірнеше еуропалық елдерде және АҚШ-та өнер көрсетіп, сонымен қатар Венгрия, Ұлыбритания, Италия, Испания, Германия, Нидерланд, Франция, Венгрия, Швейцария, Словения, Румыния, Түркия, Израиль және АҚШ секілді он бес елде халықаралық шеберлік сыныптарында фортепианода ойнау және камералық орындау сабақтары сияқты дайындық әдіснамасы бойынша семинарлар өткізді.
Сондай-ақ, Доктор Стахо өзінің дайындық әдіснамасы бойынша жұмыс істей отырып, оркестрлік коучинг сабақтарын өткізеді. 2014 және 2017 жылдары ол Кембридж университетінің және оның Даунинг-колледжінің арнайы шақырылған ғылыми қызметкері болса, биылғы жылы ол Иерусалим музыка және би академиясында арнайы шақырылған профессор ретінде сабақ берді.
Атақты музыкатанушы, психолог әрі пианист, доктор Ласло Стахоның сабақтарында консерватория студенттері мен оқытушылары тың дүниелермен танысып, тәжірибе алмасып, қадірлі қонаққа алғыстарын білдірді.