Ұлттық өнерді ұлықтаушы Рамазан Өмірәліұлының 55 жасы құтты болсын!
Ұлттық өнерді насихаттап жүрген дәстүрлі әнші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында талай жыл жемісті еңбек етіп, қаншама өнерлі шәкірт тәрбиелеп жүрген Рамазан Өмірәліұлы Стамғазиевті ердің жасы елуді еңсеріп, елу бес жасқа келуімен шын жүректен құттықтаймыз!
Саналы ғұмырын ұлттық өнеріміздің кең қанат жаюына арнап келе жатқан дарын иесінің еңбегін әріптестері мен шәкірттері, халқы жоғары бағалайды. Ұлттық өнерді бағалайтын көпшілік Рамазан Өмірәліұлын майталман әнші, көрнекті ұстаз, дәстүрлі ән өнерінің жанашыры ретінде жақсы біледі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының майталман өнер иесін мерейлі жасымен құттықтауы – әнші-ұстаздың халық арасындағы беделі мен бағасын білдірсе керек-ті. Оның шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде қазақ ән өнерін өркендету жолында жүр.
Құрметті Рамазан Өмірәліұлы, осынау айтулы күні мерейлі жасыңызбен құттықтай отырып, Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілеп, шығармашылық шабытыңыз сарқылмасын дейміз! Халқыңыздың, әріптестеріңіз бен шәкірттеріңіздің қошемет-құрметіне бөленіп, аман жүріңіз!