Menu HELPDESK

Мәдениет және спорт министрі консерваторияда


Бүгін, тамыздың 19 күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының А.Жұбанов атындағы кіші залында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ведомствоға қарасты шығармашылық жоғары оқу орындарының басшылықтарымен және профессор-оқытушылық құрамымен жүздесті. 

Офлайн және онлайн форматта өткен жиынға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қызметкерлері офлайн түрде, ал, ел астанасындағы Қазақ ұлттық өнер университеті және Қазақ ұлттық хореография академиясының өкілдері онлайн түрде қатысты.  Кездесу барысында ведомство басшысы аталған оқу орындарының қызметкерлері күтіп отырған жаңалықтармен бөлісіп, өз кезектерінде ЖОО басшылары министрге атқарылып жатқан іс-шаралар және жаңа 2022-2023 оқу жылына дайындық деңгейі жөнінде баяндады.

Министрдің жеткізген соны жаңалығы – еліміздегі шығармашылық бағытта кәсіби білім беретін жоғары оқу орындары ұстаздарының мәртебесінің көтерілгендігі. Демек, жоғарыда аталған төрт  бірдей шығармашылық бағытта білім беретін оқу ордалары ұстаздарының еңбекақысы бұдан былай 3,5 коэффициент бойынша есептелмек, яғни ағымдағы жыл басынан алғанда екі есеге артпақ.

Бұл нәтижеге қол жеткізуге Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың пәрмені, ҚР Үкіметінің басшысы Әлихан Асханұлы мен сала министрінің қолдауы зор ықпалын тигізді. Еліміздегі мәдениет және өнер саласының дамуына зор үлес қосып, шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, концерттік-шығармашылық және ғылыми жұмыстарды қатар алып жүрген ұстаздардың еңбегін жоғары бағалап отырған басшыларға сала мамандарының ризашылығы мен алғыстары шексіз. 
















Альбомдарға оралу