Мәдениеттер диалогы: үш консерваторияның халықаралық білім беру жобасының тұсау кесері

2025 жылғы 24 маусым күні онлайн форматта Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның жетекші үш консерваториясы арасындағы халықаралық ынтымақтастық аясында әзірленген ғылыми-әдістемелік құралдың тұсаукесері өтеді. Аталмыш жоба Алматы, Ташкент және Саратов қалаларынан келген мамандардың қазіргі заманғы фортепианолық шығармалар мен ұлттық орындаушылық дәстүрлерді бірлесіп зерттеп, зерделеу үшін басын біріктірді.
Ғылыми-әдістемелік құрал – ұлттық композиторлардың шығармаларын талдайтын ғылыми-әдістемелік мақалалар, ноталық материалдар және QR-кодтар арқылы біріктірілген пьесалар орындалуының бейнежазбаларынан тұратын кешенді еңбек. Мұндай мультимедиялық формат оқытушылар мен студенттерге тек оқып қана қоймай, музыканы тыңдап, көріп, тереңірек түсінуге мүмкіндік береді және мәдени диалогтың қалыптасуына ықпал етеді.
Әдістемелік мәтіндерді әзірлеуге танымал педагогтар мен зерттеушілер қатысты. Атап айтқанда, Қазақстаннан: Л. Ақшпекова, Г. Әбдірахман, М. Бөлембаева, Р. Дюсембаева, А. Закирова, А. Қалибаева, Д. Тоқмұрзиева; Өзбекстаннан: Д. Ислямова, Ф. Мухамедова, Н. Стеценко; Ресейлік тараптан: И. Виноградов, А. Демченко, Н. Корепина, Т. Левашова, Н. Новокрещенова, И. Полозова, М. Преображенский.
Д. Уразымбетовтың жетекшілігімен жарық көрген бұл басылымда үш елдің композиторларының, атап айтқанда Әділжан Төлікпаев, Акмал Сафаров, Виктор Успенский, Владимир Королевский, Владимир Мишле, Гүлжан Өзенбаева, Дилноз Закирова, Дилором Амануллаева, Ляззат Жұманова, Михаил Хейфец, Нәгім Меңдіғалиев, Рустам Абдуллаев, Сергей Полозов, Тасқын Жармұхамбет және Юрий Масиндердің фортепианолық туындыларына талдау жасалған. Туындыларды үш консерваторияның кәсіби музыканттары орындауының өзі ортақ жобаға тәжірибелік бағыт беретінін атап өткен жөн. Орындаушылардың қатарында: Л. Ақшпекова, М. Бөлембаева, И. Виноградов, Р. Дюсембаева, В. Игонин, В. Королевский, Ф. Мухамедова, М. Преображенский, А. Сафаров, Н. Стеценко, Д. Тоқмұрзиева, Г. Өзенбаевалар бар.
«Ұлттық фортепианолық мектептер» халықаралық жобасы – жай ғана материалдар жинағы емес, қазіргі заманғы білім беру үдерісіндегі фортепиано өнерінің дамуын бейнелейтін өзекті ресурс әрі мәдениетаралық алмасудың алаңы десек артық болмайды.
Яндекс Телекөпір платформасында онлайн өткізілетін тұсау кесерге сала мамандары, студенттер мен музыка сүйер қауым шақырылады:
https://telemost.yandex.ru/j/78559218480260