Мәңгілік Ел: Қазақстанның тарихы мен болашағы
22 қазан 2024
2024 жылдың 22 қазанында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Республика күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараны ұйымдастырған — әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы, жетекшісі аға оқытушы Жапаров Е.Ж. Бұл мереке студенттер мен ұстаздарда патриотизм мен елге деген мақтаныш сезімін тудырды.
Республика күні — бұл еліміздің тәуелсіздігі мен дамуын білдіретін маңызды ұлттық мереке.
Іс-шараны «халық әні» мамандығының 2 курс студенті Омарқызы Жібек жүргізді. Шара барысында консерватория студенттері бірнеше баяндама жасады. «Домбыра» мамандығының 2 курс студенті Мұрат Дінмұхаммед өз баяндамасында тәуелсіздік алған сәттен бастап елдің экономика, әлеуметтік және мәдени салалардағы жетістіктерін атап өтті. Ол бұл жетістіктерге- бай табиғи ресурстар, тұрақты мемлекеттік саясат пен халықтың еңбекқорлығы үлкен үлес қосқанын атап өтті.
2 курс «фортепиано» мамандығының студенті Захарова Анастасия өз туған қаласы Павлодар туралы қазақ тілінде баяндама жасап, оны тәуелсіздік пен гүлденудің символы ретінде атап өтті. Ол Павлодар қаласының Қазақстанның экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесіне айрықша тоқталды.
Іс-шара студенттердің музыкалық нөмерлерімен жалғасты. «Халық әні» кафедрасының 2 курс студенттері Сақабанова Айнұр, Сәбира Сәдірқожаева және Тәттімбек Айбек «Сәлем, Қазақстан!», «Мақтан етем», «Елім-ай» шығармаларын орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кафедра профессоры Сатыбалдина Т.М. өз сөзінде бұл күн еліміздің егемендік алғаннан бері жүріп өткен ұлы жолды еске түсіретінін және бүгінгі жетістіктерге жетуге мүмкіндік берген халық бірлігінің маңыздылығын атап өтті. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Республика күніне арналған мерекелік іс-шара барша қатысушыларға ұмытылмас әсер қалдырған, патриоттық сезімді нығайтқан жарқын оқиғаға айналды.
Қабылдау 2024