М.Төлебаевтың 110 жылдығына арналған «Асыл аға» атты авторлық концерт өтті
2023 жылдың 27 қарашасында консерваторияның Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында М.Төлебаевтың 110 жылдығына арналған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, композитор Ермек Өміровтің «Асыл аға» атты авторлық концерті өтті.
КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқан Төлебаевтың есімі ұлттық мәдениетіміздің тарихына алтын әріппен жазылған. Аса көрнекті композитор Қазақстандағы кәсіби композиторлық мектептердің негізін қалаушылардың бірі. М.Төлебаевтың шығармалары өзіне тән мазмұндылығымен, көркемдік құндылығымен, асқан шеберлік тілімен классикалық маңызға ие болып, халқымыздың асыл мұрасына айналды. Оның асқақ туындылары азаматтық үнімен, әдемі лирикалық сарынымен, эпикалық серпінімен, айқын бояуымен күнделікті өміріміздің ажырамас серігіндей қабылданады.
Ермек Өміров – КСРО Композиторлар Одағының мүшесі, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, Қазақстан Кинематографистер Одағының мүшесі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, композитор. Ол бірқатар классикалық туындылардың және әндердің авторы. Отыз жылдан аса уақыттан бері еліміздегі кәсіби музыка саласының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан ұстаз. Сонымен қатар, Ермек Қасымұлы бірнеше ноталық хрестоматиялар мен оқулықтардың авторы.
Концерттік кеште Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік халық аспаптар оркестрі және жеке орындаушылар Жадыра Аманова, Нұрайлым Жумадуллаева, Асқар Рыспек, Қуандық Сейсенқожа, Өмірзақ Шешханұлы, Нұрбол Насипов, Бақытжан Қияш композитор шығармаларын орындады. Дирижерлер: студенттік халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Абылхайырхан Бейсеков және дирижерлер Азамат Шынаров, Әли Сапарбек, Сәтқозы Мұхтар.