Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады
1 қыркүйек 2020
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялап, елімізді одан әрі дамыту стратегиясымен таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сәйкес экономикалық даму, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, ауылшаруашылығы саласын, көлік-логистика кешенін, шағын және орта бизнесті, қаржы секторын, өңірлік даму және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын арттыру секілді бірқатар бастама көтерді.
Сондай-ақ Президент білімнің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етудің маңыздылығы мен денсаулық сақтау саласын дамыту жайында айта кетті. Биылғы әлемде орын алған пандемияға байланысты туындаған мәселелерді ескеріп, оның зардаптарын жою және қарсы тұру үшін нақты жұмыстар жасалу керектігін айтты.
– Бүгін мен бүкіл қоғам алдында дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралардың жоспарын баяндадым. Оның жемісті жүзеге асуы әрқайсымызға байланысты. Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр. Сондықтан, еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ. Әр буынның маңдайына түрлі сынақ жазылған. Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік. Еліміз ең күрделі деген міндеттерді шеше алады. Біз бұған дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қабылдау 2024