«МСАК диагностикалық орталығының жалпы жағдайы» тақырыбында кураторлық сағат өтті
Қазан айының 5-жұлдызында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында 1-курс студенттеріне арналған кураторлық сағат өтті.
Іс-шара «МСАК (Медициналық-санитарлық алғашқы көмек) диагностикалық орталығының жалпы жағдайы» атты тақырыпта өрбіді. Жалпы кураторлық сағатты Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Мұхамбет Ашхатұлы Ешмұханов жүргізді. Проректор көтерілген мәселеге байланысты түсініктеме жасап, жиын спикері С.Ж.Асфендияров атындағы емхананың МСАК бөлімінің меңгерушісі Шолпан Өмірбекқызы Жәнібековаға сөз кезегін берді.
Медицина маманы кураторлық сағатқа жиналған студенттерге алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қалай көрсетілетіндігін жете түсіндіріп, МСАК орталығының медициналық қызметтерінің көлемі, денсаулық жағдайын бақылау және студенттердің медициналық-әлеуметтік портретін жасау мақсатында барлық факультеттердің студенттерін жыл сайынғы профилактикалық медициналық тексеруден өткізуге байланысты мәліметтермен бөлісті. Сондай-ақ, жалпы тәжірибелік дәрігердің алғашқы тексеруі, мамандарды тексеру (хирург, офтальмолог, акушер-гинеколог, отоларинголог, дерматолог (көрсеткіштер бойынша)) туралы да сөз етті. Шолпан Өмірбекқызы студенттердің денсаулығын сақтау бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген барша білім алушылардың С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Алғашқы медициналық-санитарлық көмек және диагностика орталығына (университеттік клиника) тіркелуі тиіс екендігін баса атап өтті.
Маман студенттер тарапынан қойылған барлық сауалдарға жауап беріп, алдағы уақытта әйелдер кеңесі, екпе егу және т.б. мәселелерге байланысты туындайтын сұрақтарға емхана дәрігерлерінің әр кез жауап беруге дайын екендіктерін айтты.
Кураторлық сағатқа жиналған студенттер өздерін алаңдатқан сұрақтарға мардымды жауап алып, медицина маманының ақыл-кеңестеріне жүгінетіндіктерін білдірді.