Menu HELPDESK

«НАУРЫЗБЕК ЖЫРАУ ШЫҒАРМАЛАРЫ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ


18 маусым күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Қазақстан мен Орта Азияға әйгілі, Бесқала жыраулық дәстүрінің көрнекті өкілі Наурызбек Нұржаубайұлының шығармашылығына арналған (1931-1994) «Наурызбек жырау шығармалары» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Кітапты жыршы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Күнқожа Қайрулла құрастырып, алғысөзін жазып, баспаға дайындаған.  Кітап «Терме, толғау, өлеңдер», «Арнаулар, өлең хаттар», «Ән мәтіндері», «Жыр-дастандар», «Мақалалар», «Естеліктер», «Жырауға арналған жырлар» атты бөлімдерден тұрады. 

Кеште сөз алған жазушы, драматург, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Сұлтанәлі Балғабаев: «Мен бүгінгідей кездесуді көп күтіп едім. Асыға күткен себебім, мен Қарақалпақстан қазақтарымен байланыс жасағаныма биыл 35 жылдан асты. Менің жазған пьесаларым Нөкіс қаласындағы театрларда көп койылды, сонда Бесқала халқының өнерге, мәдениетке деген ықыласы мен құрметі ерекше екенін көрген едік. 1989 жылы Қарақалпақстан қазақтарының әдебиетке, мәдениетке және қазақ өнеріне сіңірген еңбегі жөнінде «Еншіміз бөлінбеген ел едік» деген мақала жаздым. Ол мақала үлкен мәселе көтеріп, Ташкентте, Өзбекстанның орталық партия комитетінде талқыланды. Осылайша, екі елдің байланысын, барыс-келісін нығайту керек» деген әңгіме сол кезде басталып еді. «Наурызбек жырау шығармалары» атты кітаптың жарық көруімен құттықтаймын. Қарақалпақстан қазақтарының ақын-жыраулары, олардың шығармалары ұшан-теңіз, насихатталмай жатыр. Бұл әлі басы ғана» - деп, естелік айтып, пікір білдірді. Кешті Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Ахмет Өмірзақ жүргізіп отырды.

Тұсаукесер мерекесіне Сұлтанәлі Балғабаев, Өсербай Сәрсенбайұлы, Адайбек Бейімбетов, Құтмағамбет Қонысбай, Шарафаддин Әмір, Берік Жүсіпов, Айгүл Қосанова сияқты елімізге белгілі өнер иелері мен ақын-қаламгерлер және Наурызбек жыраудың зайыбы Зиба Өтегенқызы қатысып, жинақ-кітаптың қазақтың өнері мен мәдениеті үшін маңызы зор еңбек екенін атап өтті.

Кеште әйгілі жырау Өсербай Сәрсенбайұлы және Күнқожа Қайрулла, Жангар Мәмбетназаров сынды жас жыршылар Наурызбек жыраудың терме-толғауларын орындады.










Альбомдарға оралу