Menu HELPDESK

«Отбасы құндылықтары» тақырыбында кураторлық сағат өтті



2024 жылдың 14 ақпанында консерваторияның А.Жұбанов атындағы концерт залында кураторлық сағат аясында «Халықаралық отбасылық даму институты» мекемесінің президенті Базарбаева Ақбота Әлиханқызы өнер-білім ордасының студенттерімен кездесті.

Кураторлық сағатты консерваториямыздың Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ешмұханов Мұхамбет Ашхатұлы ашып, арнайы келген қонақтарды студенттерге таныстырды. Спикер отбасы құндылығы тақырыбын кеңінен қозғап, студенттер қойған түрлі сауалдарға жауап берді.

Халық арасындағы «Отан отбасынан басталады» деген қағидаға айналған сөз қай кезде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес. Отбасы – кез-келген адам өмірінің ең маңызды бір бөлігі. Тәрбиенің негізі жанұядан бастау алатындықтан, оған немқұрайлылық танытуға болмайды. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Кішіге ізет, үлкенге құрмет», «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген сияқты көптеген даналық сөздер бар. Осы өлшемдерге қарайтын болсақ, бар мәселе отбасынан басталатынын ұғуға болады. Ұлт болашағында отбасы ең басты тұғырды иеленеді.

Отбасы құндылықтарының мәуелі бәйтерегі, ол – ата мен ана. Ата-ана өз ұрпағына дұрыс жолды меңзеп, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге, рухани кемелдікке, халық үшін адал қызмет етуге тәрбиелеп, қоғамның дұрыс бағытта дамуына септігін тигізеді. Олардан алынған тәлім-тәрбие ұрпақтарына өмір бойына азық болады. Бойларымызға жақсылықты дарытқан, тек игі істер жасауға және әрбір істе жоғары нәтижеге қол жеткізуге дағдыландырған барша ата-аналарға мың алғыс!

Шаңырақ құндылықтарының екінші бір сатысы жақындарымен жалғасын табады. Мәселен, жанұядағы ата мен әженің рөлі де айрықша. Олардың дүниеге деген көзқарастары мен өзіндік талғамдары жасы кіші балаға өнеге болары анық. Кішкентай кезінен атасының, не болмаса әжесінің айтқандарына құлақ түретін ұрпақ болса, оның арты тек жақсылыққа әкеледі. Тәлім-тәрбиенің негізі ата-анадан кейін қастарындағы жақын адамдардан үлгі алу арқылы қалыптасады, өзіндік жеке ұстанымдарды дамытуға септігін тигізеді. Бір атадан туып, бірге өскен аға-апа, бауыр-қарындастың да алатын орны бөлек. Ұлы Абай атамыз былай дейді: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі - ата-анадан, екіншісі - ұстаздан, үшіншісі - құрбысынан». Сондықтан қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де, ата-ана бала тәрбиесіне аса мән беруі тиіс. Ұрпақтар сабақтастығы тек осылайша жалғасын таппақ.

Жанұя – жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы. Ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де осы отбасы. Отбасынан бастау алатын рухани құндылықтарымызды қастерлеп, адамдық болмысымызды жоғалтпайық!










Альбомдарға оралу