Menu HELPDESK

Профессор Б.И. Қарақұловтың 80 жылдығына арналған Халықаралық дөңгелек үстел өтпек

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өнертану докторы, профессор Б.И. Қарақұловтың 80 жылдығына арналған «ПРОФЕССОР Б.И. ҚАРАҚҰЛОВТЫҢ ЕҢБЕКТЕРІ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ МУЗЫКАТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты Халықаралық дөңгелек үстел өтпек.

Б.И. Қарақұлов (1942-2014)– белгілі ғалым, қазақтың дәстүрлі музыкасын зерттеген көрнекті маман,  отандық этномузыкологияның дамуына елеулі үлес қосқан тұлға.

Қазіргі кезеңдегі музыкалық түркологияның  дамуы, "Түркі халықтарының музыкасы" атты Бірінші халықаралық симпозиумның ұйымдастырылуы Б.Қарақұлов есімімен тығыз байланысты.

Б.И. Қарақұловтың қазақ дәстүрлі әндерінің аймақтық ладтық ерекшеліктерін зерттеу,  ұлттық ән, күй және музыкалық-речитативті жанрларды талдау әдіснамасы, музыкалық түркология, музыкалық симметрология, релятивтік нотография және т. б. салаларындағы ғылыми жаңалықтары отандық этномузыкатанудың дамуына үлкен әсер етті. 

Болат Ишанбайұлының ғылыми  шығармашылығында музыкалық симметрологияға  байланысты еңбектер маңызды орын алады. Ғалым және оның ізбасарлары  бұл  бағытты  жалпытеориялық тұрғыда дамытумен қатар, оның әдістемесін қазақтың дәстүрлі вокалды, аспапты және вокалды-аспапты  жанрларының ладтық-регистрлік, интонациялық-әуендік, ырғақтық жүйелерін зерттеуде пайдаланды. Б.Қарақұлов ғылыми жаңалықтарының жалпыәдіснамалық сипаты олардың ұлттық этномузыкатану аясынан шығып, басқа елдер  ғылымында да қолданылуына  кең мүмкіндіктер ашады.

Болат Ишанбайұлы "Асыл мұра" музыкалық-этнографиялық жинағын (1981) жариялап,  басқа бірнеше жинақтардың құрастырушысы болды.  Ғалым – «Музыкалық жүйенің симметриясы» (1991), «Музыкалық симметрология» – 1 және 2 т.т. (2019, 2021) монографияларының және  көптеген музыкалық-теориялық мақалалардың авторы.

Б.И. Қарақұловтың жетекшілігімен бірнеше кандидаттық диссертациялар жазылып қорғалды.

Дөңгелек үстел жұмысының негізгі тақырыптық бағыттары:

1. Профессор Б. И. Қарақұловтың еңбектері және қазіргі музыка ғылымының теориялық және тарихи мәселелері.

2. Мемориал. Өнертану докторы, профессор Болат Ишанбайұлы Қарақұлов туралы естеліктер.

Дөңгелек үстел жұмысына еліміздің және алыс-жақын шетелдің (Өзбекстан, Әзірбайжан,Түркіменстан, Канада)  жетекші  мамандары қатысады.

Дөңгелек үстел аясында Б. И.Қарақұловтың "Музыкалық симметрология" (2 том - 2021ж.) және Ш. Гуллаевтың "Түркі халықтарының музыкасы" кітаптарының таныстырылымы өтіп, қазақтың дәстүрлі музыкасы орындалады.

Дөңгелек үстел жұмысы  2022 жылғы 7 сәуірде  10.00

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Конференц-залында (Алматы қаласы, Абылайхан даңғылы, 86) өтеді.

Альбомдарға оралу