Профессор Наурызбаева Альмира Бекетқызы 70 жаста
2022 жылдың 10 ақпанында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Ф.Шопен атындағы Камералық залында әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Наурызбаева Альмира Бекетқызының 70 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Мерейтойға еліміздің гуманитарлық, шығыстану ғылымдары саласында еңбек ететін ғалымдар, танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері қатысты. Мерейтой иесін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы атынан Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Г.Б. Әбдірахман құттықтап, ректордың арнайы құттықтауын тапсырып, сондай-ақ, ардагер-ұстазға көпжылғы еңбегі үшін беріліп отырған «Ахмет Байтұрсынұлы» атындағы орденді табыстады. Сонымен қатар, философия, саясаттану және дінтану институты атынан ф.ғ.д., профессор С.Е.Нұрмұратов, ф.ғ.д., профессор М.Сәбит, ф.ғ.д., профессор Н.Л.Сейдахметова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің деканы, ф.ғ.к. Б.Б.Мейірбаев, к.ф.н., философия кафедрасының меңгерушісі А.А.Құранбек, ф.ғ.д., дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі З.Н.Исмағамбетова, ф.ғ.д., профессор Г.Ж. Нұрышова, Абылай хан атындағы ҚХҚжӘТУ атынан шығыстанушы ғалым, профессор Сафар Абдулло, фил.ғ.д., ориенталистика кафедрасының меңгерушісі Н.С.Пак, ф.ғ.д., профессор Д.С.Раев, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА атынан ф.ғ.д., профессор Қ.З.Халықов, Гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, т.ғ.к К.Өскембай сөз сөйлеп, құттықтау хаттарын тапсырды.
Сондай-ақ, Альмира Бекетқызын өнертану докторы, профессор А.И.Мұхамбетова, өнертану кандидаты Ж.Н.Шайғозина, к.ф.н., жыраушы, мифолог К.Е.Жаңабаев, «Aspandau» ғылыми-білім беру қорының президенті А.А.Нұркатов, жазушы, мәдениеттанушы, публицист Дидар Амантай құттықтады.
Іс-шара барысында еліміздің әр тарапынан және алыс-жақын шетелдердің айтулы ғалымдары атынан келген құттықтау хаттардың таныстырылуы, бейнеқұттықтаулардың көрсетілуі мерейтой иесінің танымал ғалым екенін білдірсе керек-ті. Нағыз педагог, дарынды ұстаздың құрметіне консерватория студенттері мен магистранттары өздерінің өнерін көрсетіп, ән-шашуларын арнады. Мерейтойлық іс-шара «Мәдениет барысындағы ой. Қазіргі заманғы гуманитарлық дискурс» тақырыбында өткен дөңгелек үстелмен аяқталды.