Халықаралық байқаулардың лауреаты, консерватория түлегі Мәдина Әбілдинаның жеке концерті өтті
12 мамыр күні консерваторияның Шопен атындағы камералық залында Халықаралық байқаулардың лауреаты, Тұңғыш Президент қорының және Е.Серкебаев атындағы қордың стипендия иегері, ұстаз Гүлнар Нұрғалиеваның класында тәлім алған консерватория түлегі Мәдина Әбілдинаның жеке концерті өтті.
Концертте Гендель, Гуно, Дебюсси, Беллини, Глинка, Доницетти, Рахманинов, Римский-Корсаков сынды композиторлардың сирек орындалатын, күрделі шығармалары және Е.Рахмадиевтің хоралы, қазақ халық әндері шырқалды. Халықаралық байқаулардың лауреаты Алияр Өтетілеу, «Астана Опера» театрының солисті Артур Ғабдиев, Халықаралық байқаулардың лауреаттары Аршат Шәріп пен Надима Тохтарованың басқаруында «Concept choir» студенттік хоры концертте өз өнерлерін көрсетіп, Мәдинаға достық қолдау білдірді.
Концерт бағдарламасындағы сирек орындалатын вокал мен хорға арналған шығармалар көрермендер үшін өте қызықты болды. Мысалы, Шарль Гуноның «Мирей» операсындағы «Мирей вальсін» Қазақстанда тек Бибігүл Төлегенова орындаған екен, ал, Дебюссидің «Тишина» романсы консерватория қабырғасында алғаш рет орындалып отыр. Е.Рахмадиевтің 90 жылдығына арнап концерттік репертуарға қосқан композитордың хоралын Мәдинаның «Concept choir» хорымен бірлесе орындауы көпшілік көңілінен шықты. Көрермендер қатарында еліміздегі опера өнерінің майталмандары, «Вокалдық өнер» кафедрасының профессорлары мен доценттері де болды.