Әріптестеріміз Санкт-Петербургте өтіп жатқан «Консерваториялар апталығы» фестиваліне қатысып қайтты
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының делегациясы 22 қазан мен 2 қараша аралығында өткізіліп жатқан Санкт-Петербург консерваториясының ауқымды жобасы – Консерваториялар апталығы фестиваліне арнайы барып, қатысып қайтты.
Ресей жерінде өткен аталмыш өнер мерекесінде Беларусь, Қазақстан, Сербия, Түркия, Қытай, Оман, Ливан секілді мемлекеттерден келген өнерпаздар бас қосып, өзара тәжірибе алмасып, концерттік қойылымдар ұйымдастырылды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, өнертану кандидаты Әбдірахман Гүлнар Бақытқызы С.Рахманиновтың туғанына 150 жыл толуына арналған шет мемлекеттердің қатысумен халықаралық шара шеңберінде өткен Бүкілресейлік конференцияда баяндама жасаса, профессор Жанат Ермановтың арнайы шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.
Фестиваль аясында Д. Шостакович атындағы Санкт-Петербург академиялық филармониясының М.И.Глинки атындағы Кіші залында өткен «Камерные серии» концертінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Жанат Ерманов жетекшілік ететін Мемлекеттік «Қарағайлы үрмелі аспаптар квинтеті» өз кезегінде Ресейдің Н.А.Римский-Корсаков атындағы Санкт-петербург мемлекеттік консерваториясы және Қытайдың Цзилин Өнер университеті мен Сучжоу университетінің музыка факультеті өнерпаздарымен қатар өнер көрсетті.
Бұл концерттік бағдарламада Данци, Шуберт, Берлиоз, Бизе, Гершвин Лю Вэнченг, Хы Чжанхао, Чень Ган Римский-Корсаков, Рахманинов, Родыгин, Бестыбаев сынды әлемдік музыка саңлақтарының шығармалары орындалды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Мемлекеттік «Қарағайлы үрмелі аспаптар квинтеті» мүшелері Ақерке Омарова (флейта), Аружан Рашит (гобой), Манарбек Сәбитов (валторна), Бақдаулет Жолдыбек (фагот) орындауындағы туындалар алыс-жақын шетелдік тыңдарманның жүрегіне жол тауып, ыстық ықыласына ие болды.
Осы өнер мерекесінің еліміздегі айтулы күн – 25 қазан Республика күні мейрамымен тұспа-тұс келуіне орай дәл осы күні Санкт-Петербург қаласының Мемлекеттік академиялық капелласында Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті. Іс-шараға Санкт-Петербург қаласы Үкіметінің өкілдері, қазақ диаспорасының өкілдері, қазақстандық студенттер, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тыңдаушылары, сонымен қатар Санкт-Петербург қаласында тұратын отандастар қатысты. Бағдарламада қазақ күйлері, Абайдың шығармалары орындалды.