Үрмелі аспаптар квинтеті онлайн-байқау жеңімпазы атанды
2020 жылы мамыр мен шілде айлары аралығында Пезаро қаласында (Италия) Джоакино Россини атындағы Бірінші Халықаралық онлайн-байқау өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен өнерлерін ортаға салған музыканттар қатарында еліміздің белгілі өнер ұжымы да бар. Шара нәтижесі бойынша құзыретті әділ қазы алқасының шешімімен үрмелі аспаптар квинтеті беделді байқаудың жеңімпазы атанды. Содан кейін әлеуметтік желілерде қатысушылар дайындаған 15 минуттық әуендердің жазбасы жарияланды. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанат Ермановтың жетекшілігіндегі квинтет күрделі әрі танымал классика жанрының төрт туындысын көрермендер мен қатаң қазылар алқасының талқысына ұсынды. Олар: Ж. Ибер «Три пьесы», К.Дебюсси «Браерс», А.Цемлинский «Юмореска», Н.Римский–Корсаков «Полет шмеля». Ең көп қаралым мен лайк жинап, квинтет ұжымы мыңдаған үміткерлердің арасынан қорытынды кезеңге өтті және қазылар алқасының бірауыздан қабылданған шешімімен өздері өнер көрсеткен аталым бойынша үздік деп танылып, бірінші марапатқа ие болды. Квинтеттің құрамына Құрманғазы атындағы ҚҰК-ның магистранттары мен түлектері кіреді.
Құралай Мәлімбаева (3 курс студенті) – гобой
Санжар Қадырбеков (3 курс студенті) – валторна
Талғат Сапабеков (2 курс магистранты) – фагот
Сұлужан Елубаева (бакалавриат, түлек ) – флейт
Жанат Ерманов (ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор) – кларнет
CIMP байқауының (Пезаро қаласындағы Халықаралық Музыка Байқауы) негізін қалаушы Италиядағы әйгілі пианист қыз Франческа Мастачено, ол өзінің кәсіби қызметін музыка мен басқа да өнер саласындағы жас таланттарға көмектесу арқылы қайта бағдарлады. 15 жыл бойы ол жас артистердің өсуіне және олардың шығармашылығының дамуына бағытталған «Сахна әлем сияқты үлкен» жобаларын ұйымдастырып келеді, Rossini International Award беделді марапатының арқасында жас музыканттар өздерін танытуға әрі танылуға мүмкіндік алады. Сондай мүмкіндікті консерватория магистранттары мен түлектері қалт жібермей, байқауда бақтарын сынап, алғы шептен көрінді. «Өнерлі адам өрге жүзеді» демекші, жас таланттарымызға өнердің құдыреті арқылы әрқашан да биік шыңдарды бағындыруларына тілектеспіз!