Saryn журналы жаңа келбетке ие болды
2023 жылғы 30 маусымда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы рецензияланатын Saryn журналы мен жаңартылған сайтын таныстырды.
Онлайн-тұсаукесерге ғалымдар, оқытушылар және Қазақстан мен Өзбекстанның әртүрлі өнер оқу орындарының докторанттары қатысты. Әріптестер тақырыптық басылымдарды, рецензиялауды, дәйексөз келтіруді, ғылыми жарияланымдардың сапасы мен журнал саясаты мәселелерін талқылады. Онлайн шара жылы атмосферада өтті.
Резолюция ретінде ғылыми жарияланымдар саласындағы өзара тәжірибе алмасу және әртүрлі елдердегі өнер оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты жалғастыру туралы айтуға болады.
Журналдың редакциялық алқасы ынтымақтастыққа және түрлі коллаборацияға ашық. Ұсыныстарды электрондық поштаға жіберуге болады: editor@sarynjournal.kz
Журналдың ресми сайты: sarynjournal.kz
Анықтама:
Saryn журналы (2013 жылдан 2017 жылға дейін «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясыныӊ Хабаршысы — Вестник Казахской национальной консерватории имени Курмангазы», 2017 жылдан 2023 жылға дейін — Saryn Art and Science Journal) — «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» бағыты бойынша академиялық мәтіндерге, музыкалық альбомдарға, кинофильмдерге, көрмелерге және басқа да ғылым мен мәдениет туындыларына өзекті зерттеулерді, аударма материалдары мен шолуларды жариялауға бағытталған халықаралық ғылыми рецензияланатын басылым.
2023 жылы қарастырылатын Saryn шығарылымдарының тақырыптары:
1. Түркітілдес халықтар мәдениетіндегі дәстүрлі өнер.
2. Еуразия өнеріндегі қазіргі тенденциялар.
3. Еуразиялық кеңістіктегі мәдениеттердің өзара іс-қимылы.
4. Мәдениет пен өнерді зерттеудегі өркениеттік тәсіл.
Журналдың негізгі тақырыбы келесі бағыттарды қамтиды (бірақ олармен шектелмейді):
өнер теориясы және тарихы;
өнер философиясы;
музыкатану және этномузыкатану;
деректану және өнертану тарихнамасының әдістемесі;
өнер және мәдениет саласындағы білім.
Журнал тоқсан сайын шығарылады. Журналда жариялауға ұсынылған мақалалар екі рет «жасырын» рецензиялау рәсімінен, сондай-ақ плагиатты тексеруден өтеді. Жарияланым тілдері – ағылшын, қазақ, орыс.