Студенттеріміз «Әл-Фараби және қазіргі заман» жас спикерлер байқауында жеңімпаз атанды!
Бүкіләлемдік философия күніне орай Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған «Әл-Фараби және қазіргі заман» халықаралық жас спикерлер байқауының жеңімпаздары анықталды. Үміткерлерді марапаттау салтанаты әл-Фараби орталығының @farabicenter2020 ресми аккаунтында тікелей эфирде жүргізілді.
Байқауға қатысқан консерваториямыздың 1-курс студентері жеңімпаздар қатарынан көрінді.
· 1 орын: Макар Ғани. «Әл-Фараби және музыка теориясы» номинациясы бойынша;
· 1 орын: Қоңыратбай Әдемі. «Әл-Фараби – бақыт философиясы» номинациясы бойынша;
· 3 орын: Жәкенова Фарида. «Әл-Фараби және музыка теориясы» номинациясы бойынша;
· 3 орын: Иманғалиева Ақтолқын. Әл-Фараби және музыка теориясы номинациясы бойынша.
Шараның қорытынды марапаттау шарасында әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева: «Осы байқауда белсенділік танытқан барлық қатысушыларға алғыс айтқым келеді. Жастардың осындай іс-шараға қызығушылық білдіргеніне өте қуаныштымын. Ғұламаның ұлы мұрасын дүние жүзіне танытуға, жастар арасында кеңінен таратуға - Әбу Насыр әл-Фараби есімін иеленген Қазақ ұлттық университеті аянбай еңбек етіп келеді. Бұл іс-шара да осы бағытта жүзеге асырылып отыр. Аталмыш шара Әл-Фараби еңбектерін тереңірек зерттеп, ізденуге жол ашты деп ойлаймын. Болашақта да, ұлы ойшылдың идеяларын арқау етіп, өмір тәжірибелеріңізге пайдаланады деп сенемін. Сіздерге осы бағыттағы еңбектеріңіздің табысты болуын тілеймін. Болашақ үшін жасаған әрбір қадамдарыңыз игі жемісін берсін», -деп құттықтады.
Алғашқы құттықтау сөзінің қатарын философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова, философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек, Әл-Фараби орталығының директоры Бекжан Берікбайұлы жалғастырып, жеңімпаздарды диплом, сыйлықтармен марапаттады.
Жеңімпаздар есімі «Қайырымды қала» - бүгінгі бақытқа жету кілті», «Әл-Фараби және музыка теориясы», «Әл-Фараби - бақыт философиясы», «Әл-Фараби және әдептілік философиясы», «Әл-Фараби және Абай: идеялар сабақтастығы» және «Әл-Фараби және ғылымның қалыптасуы» номинациялары бойынша анықталды.
Байқауға мектеп және орта оқу орындары оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері және басқа да санаттағы қатысушылардан 150-ге жуық жұмыс қатысқан. Жас спикерлер байқауына елімізбен қатар, алыс-жақын шет ел студенттері де қатысты. Жеңімпаздар екі форматта, қазылар алқасы мүшелерінің дауыс беру нәтижелері мен лайктар және пікір қалдыру саны бойынша анықталды.
«Әл-Фараби және әдептілік философиясы» номинациясы бойынша бірінші орынға ие болған Түркіменстандық азамат, университетіміздің филология және әлем тілдері факультетінің 2-курс студенті Джошкун Атаханов: «Біз байқау арқылы Әл-Фараби еңбектерін тағы бір парақтап шықтық. Философия пәнінен алған білімімізді тағы бір ұштап, тереңірек іздендік. Нәтижесінде, жеңімпаз атандым. Ұйымдастырушыларға рақмет! Ғылымға бағытталған шаралар алда да жалғаса түссін», -деп алғысын білдірді.
Жұмыстар қазанның 15-30 аралығында қабылданды. Байқау қатысушыларының жұмысын бағалау және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау үшін қазылар алқасы жұмыс жүргізді. Шараға қатысушылардың барлық бейнежазбалары Әл-Фараби орталығының сайтында, youtube каналында, @farabicenter2020 ресми аккаунтында, жарияланып, көпшілікке ашық форматта көрсетілді.