Студенттеріміз Құрманғазы атындағы республикалық домбырашылар байқауынан жүлдемен оралды
Жақында Атырау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің ұйымдастыруымен күй атасы Құрманғазы атындағы республикалық домбырашылар байқауы өтті.
Күйшілік өнерді өскелең ұрпаққа, өнерсүйер қауымға кеңінен насихаттап, күйшілік орындаушылықты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған аталмыш байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, атап айтсақ, Ақтөбе, Астана, Алматы, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарынан жалпы саны 21 үміткер өнерпаздар қатысып, бақтарын сынады.
Басты мақсаты жас таланттар мен шебер орындаушыларды табу және дарынды өнерпаздардың кәсіби шеберліктерін арттыруға ықпал етіп, ынталандыру болған өнер додасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Домбыра» кафедрасының профессоры Сахарбаева Карима Сүндетқызының шәкірті «Халық музыкасы» факультетінің 3-курс студенті, домбырашы Әзімбаев Мейірбек Бекназарұлы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Бас жүлдеге ие болса, 1-курс магистранттары: Ақиқат Ләззат (ұстазы – профессор К.С. Сахарбаева) мен Зинор Нұрай (ұстазы – ҚР халық артисі, профессор А.Үлкенбаева) 3 орын тұғырына көтеріліп, конкурс лауреаты атанды. 3-курс студенті Әрсен Тұрсын (ұстазы – аға оқытушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Н. Әшіров) Арнайы жүлдеге, ал 4-курс студенті Ақжол Қарақаев (ұстазы – оқытушы Т. Саденов) пен 3-курс студенті Гүлнұр Шахымеден (ұстазы – доцент Қ. Жұмағали) Алғыс хатқа ие болды.
Жеңімпаздарды және олардың ұстаздарын айтулы жүлделерімен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыстарыңыз көп болсын демекпіз!